Қала билігінің мәліметінше, Саин мен Мөңке би көшелерінің қиылысында тағы бір жолайрық пайда болады
Алматы әкімдігі жаңадан салынатын жолайрық қандай болатынын көрсетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Қала билігінің мәліметінше, Саин мен Мөңке би көшелерінің қиылысында тағы бір жолайрық пайда болады. Оның құрылысы 2021 жылы басталады. Әзірге бюджеттен ақша бөлінген жоқ. Оған дейін қаланың мобильділік басқармасы жобаның эскизін ұсынды.
Алдын-ала сызбада көрініп тұрғандай, жолайрық көбелек түрінде болады. Саин көшесі қиылыста Мөңке би көшесімен жалғасады да, осылайша жүргізушілерге үздіксіз қозғалыс қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ жоба авторлары жолайрықтың маңына жер үсті жаяу жүргіншілер өткелін салады. Олардың пішіні мен дизайны қазіргі уақытта барахолка жақта Северное кольцо көшесінде тұрғандарға ұқсайды.
«Бұл көшелер (Мөңке би мен Саин - ескерт. авт.) Үлкен Алматы айналма автожолына шығатын радиалды жолдар. Сондықтан оған шығатын екі үлкен магистральда көлік жүктемесі болмас үшін жолайрық салу жоспарланды», – деді қалалық мобильділік басқармасы басшысының орынбасары Ернұр Абжахан.