Әуезов ауданының әкімі тұрғындармен кездесу өткізді

Almaty.tv
Almaty.tv
Биыл «бюджетке қатысу» бағдарламасы аясында 23 жоба жасалады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биыл Әуезов ауданында ескірген 191 аула көріктендіріледі. Ал «Бюджетке қатысу» жобасы аясында жұмыс жалғасып, тұрғындардың ұсынысы бойынша 23 жоба жүзеге асады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.


Аудан басшысы Сайран Сайфеденов жиылған халыққа алдымен атқарылған жұмыс туралы шағын бейнероликті таныстырды. Ал қалған уақыттың бәрін елдің мұң-мұқтажын, талап-тілегін елеп-ескеруге арнады. Кездесуге келген тұрғындардың бірі өздерінің жекеменшік үйлерін қалаға өткізіп, инженерлік желілер жүргізуге өтініш жасады.

«Біздің тұрғын үйлерге ТП -161 қызмет көрсетеді. Жекеменшік үйлер қалаға қашан өтеді», – деді Әуезов ауданының тұрғыны Есенкелді Есназаров.

«Ол жерге кезінде жұрт желілерді өз еркімен тартып алған. Желілер ескірген. Сондықтан су мен кәріз жүйесін салу туралы өтініш бердік. Жуырда сметалық құжаты әзірленеді. Ал жеке учаскені қала аумағына алу туралы тұрғындармен жекелей жұмыс істейміз», – деді Әуезов ауданының әкімі Сайран Сайфеденов.

Жалпы былтыр ауданда қазынаға түскен салық көлемі 118 млрд теңгеге жеткен. Ал капиталға 85 млрдтан аса инвестиция құйылыпты. 19 көшеге жөндеу жүргізіліп, 9 көшеге кәріз тартылды. 6 көпқабатты үй халық игіліне берілген. «Бюджетке қатысу» бағдарламасы аясында 22 жоба іске асыпты. Биыл тұрғындардың ұсынысымен 23 жоба жасалады. Сондай-ақ бір жылда 99 аула жаңарған.

«Есіктің алдына балалар алаңын жасауды өтініп, хат жаздық. Жасады.Біздің үйге келгенде жұмысы тоқтап қалды», – деді Әуезов ауданының тұрғыны Мәрзия Батырбекова.

«Мамандар барып бәрін өлшеп алды. Ауланы жөндеуге керек қаржы бар. Қазір мердігер компаниялар арасында конкурс жүргізіледі. Сосын жұмыстар басталады. Жалпы бұрын жөнделмеген 10 шағынаудан болса, биыл 191 аула жөндеуден өтеді», – деді Әуезов ауданының әкімі Сайран Сайфеденов

Биыл Ақсай-1 шағынауданындағы саябақ абаттандырылады. 35 көшеге орташа жөндеу жүреді. Ал Мамыр-1 шағынауданында отбасылық дәрігерлік амбулатория мен Алтын бесікте 120 орындық балабақша құрылысы басталмақ. Жалпы есептік кездесу нәтижесінде 50-ден аса сұрақ қаралды. 

Назкен Еркін, Сағынғали Мұңайтпасов , «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров