Б. Сағынтаев Медеу ауданындағы мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысын тексерді

Almaty.tv
Almaty.tv
«Жұмыспен қамту – 2020» жол картасы арқылы талай отбасы тұрақты табыс тауып, жұмыссыздар саны азайды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгінде «Жаңа Алматы» даму жоспары аясында қала түрленіп, әр салада ауқымды жұмыстар жүріп жатыр. Әсіресе, бұқараның әлеуметтік жай-күйі мен өмірін оңтайландыратын жобалар көптеп іске асуда. «Жұмыспен қамту – 2020» жол картасы арқылы талай отбасы тұрақты табыс тауып, жұмыссыздар санының азаюына септесіп келеді. Әсіресе, бұл бағдарлама пандемия кезінде елдің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына оңтайлы әсер етті. Мәселен, құрылысшы Бағдат Сәтиев осы жол картасы аясында жұмысқа биыл көктемде кірген. Жол құрылысы саласында 5 жылдық еңбек өтілі болғандықтан, ол бүгінде бригадир қызметін атқарады. Қарамағында еңбек етіп жатқан 12 адам да осы бағдарлама арқылы жұмыс тапқан.

«2020 жол бағдарламасымен жол жөнделіп жатыр. Алматы қаласында бордюрларды ауыстырып жатырмыз. Гранитті бордюрлар. Жұмыс ойдағыдай жүріп жатыр, айлық 180 мың. Аптасына 6 күн жұмыс күні, бір күн демаламыз», – деді бригадир Бағдат Сәтиев.

Бағдат бастаған бригада қазір Медеу ауданының аумағына кіретін Бөгенбай батыр көшесін абаттандырумен айналысып жатыр. Жұмыс жаңа жылға дейін тапсырылуы керек. Жолдың бойына демалатын орындықтар, қоқыс жәшіктері қойылып, ағаш, бұталар отырғызылады. Көшенің құрылысын өз көзімен көріп, сапасын тексеру үшін қала әкімі Бақытжан Сағынтаев арнайы барды. Жалпы «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы аясында биыл шаһарда 200-ден астам құрылыс жобасын іске асыру қарастырылған. Мысалы, Медеу ауданында әйгілі архитектор Ян Гейлдің жобасымен Кіші Алматы өзенінің жағасы көріктендіріліп жатыр. Мұнда спорт және балалар ойнайтын алаңдар бой көтереді. Жүргіншілер жолы төселіп, көлік қоятын орындар пайда болады.

Ал Медеу ауданының тұрғыны Халбибі Әблеметқызы Шухов көшесінің бойындағы саябаққа қазір жиі келеді. Немересін ойнатып, өзі де серуендеп, бір жасап қалады. Оның айтуынша, мұндағы алаңқайлар әбден ескіріп, балаларға арналған әткеншектер тозып кеткен еді. Қазір саябақ қайта көркейіп, жандана түскен. Зейнеткердің ендігі тілегі осы жасалған дүниеге тұрғындар ұқыпты қарап, саябақты таза ұстаса дейді.

«Біздің саябағымыздың көріктендіріліп жатқаны қатты қуантады. Барлығы әдемі жасалып жатыр. Жұмыстар әлі толық бітпесе де, осы жұмыстарға қуанып жатырмыз. Біткен соң бұл жер танымастай өзгереді деп ойлаймын. Немерелеріміз де риза, қараусыз қалған стадионымызды да жасап берді. Әрине, алғыстан басқа айтарымыз жоқ», – деді Медеу ауданының тұрғыны Халбибі Баутова.

3,5 гектар аумақты алып жатқан саябақты реттеуге 100 адам жұмылдырылған. Соның 50-і «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы арқылы істейді. Мұнда балалар алаңы, скейт-дром, теннис үстелдері орнатылады.

БЛИЦ:

–  Немеремді осында келіп ойнатып жүрмін. Бұл тек қана мен үшін емес, осындағы әрбір кішкентай балалары бар, үлкендер үшін жақсы бір демалыс алаңы болды. Халыққа өте жақсы, рахмет!

– Здесь больше 30-ти лет такой красоты не было, как сейчас. Спасибо тем, кто это сделал.

Сонымен қатар, биыл Орталық мешіттің де айналасына үлкен күрделі жұмыстар жасалып, аумақ жаңара түскен. Қаламыздың сәулетті орындарының біріне 8 мыңға жуық гранит тас пен тратуарға арналған плитка төселді. Мешіт маңы жасыл-желекке бөленіп, автоматты суару жүйесі іске қосылған. 60 нүктелі құрғақ бу бұрқақ пен су ішетін шүмектер пайда болды. Құрбан шалатын орын да жөндеуден өтіпті.

«Бұл мешітте халық өте көп келетіндіктен, жұма уақытында мешіттегі сырттағы жамағатқа да иамның айтып жатқан уағызы естілуі үшін мешіттің екі жағынан арнайы ЛЭД-экрандар қойылды. Жұма уақытында, құдай қаласа, іштегі уағыз көрсетіліп тұрады», – деді Алматы Орталық мешітінің іс басқарушысы Ержан Назарбек.

Ал бұл 45 жыл ішінде алғаш рет жөндеу көрген 28 панфиловшы-гвардияшылар атындағы саябақ. Мұндағы асфальт қайта төселіп, 60 мыңға жуық шаршы метр көгалдандырылды. 400-ге жуық жарық бағаны орнатылып, 100-ден аса орындық қойылған. Айта кетерлігі, мұнда бұған дейін болмаған суару жүйесі де іске қосылды.

БЛИЦ:

- Бұл парк бізге бұрыннан ұнайды. Жөндеу жұмысын жасағаны өте жақсы болды.

- Тратуарлар бәрі жақсы, таза. Жарық та бар кешке жақын. Балалармен қыдырғанға жақсы. Өзіміз ризамыз әйтеуір.

- Конечно, нравится. За последние несколько лет в парке произошли большие изменения. Намного лучше стало.

Бұл нысанның барлығы «Жұмыспен қамту – 2020» жол картасы аясында іске асқан жобалардың бір бөлігі. Осы сияқты қаладағы аулаларды абаттандыру қарқынды жүріп жатыр. Әсіресе, биыл «Бюджетке қатысу» бағдарламасы көптеген нысандардың ашылуына ықпал етті. Мәселен, Медеу ауданында бірнеше демалыс алаңы қолданысқа берілді. Соның бірі – Бутаковка шағын ауданындағы Бейсеуов көшесінің бойына қойылған балалар және спорт алаңқайы. Мұнда туристер көп жүретіндіктен арнайы жол жасалуда.

«Әрине, «Бутаковка» шағын ауданының тұрғындары ауданның көріктендіріліп жатқаны риза. Балалардың енді іші пыспайтын болады, тратуар төселді. Жасалып жатқан жұмыстар үшін алғыс айтамыз», – деді Медеу ауданының тұрғыны Людмила Светличная.

Бірнеше нысанды аралаған шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаев «Думан-2» ықшам ауданындағы жол құрылысы мен көріктендірілген аулаларды бір пысықтап шықты. Енді 8 мыңға жуық адам осы алаңда демалады. Сонымен қатар, «Бюджетке қатысу» жобасы аясында «Алатау», «Самал-1» ықшам аудандарында да көріктендіру жұмыстары жүргізілді. төсем түрінен бастап, ойын алаңына дейін Тұрғындардың өздері таңдады. Нәтижесінде жөнделген жасыл алаңға риза болып жатыр.

БЛИЦ:

1. Мы живем рядом. Парк очень нравится. Здесь очень чисто и свежо. Поэтому мы выбрали этот парк.

2. Сейчас вижу, что посеяли газоны. Все зеленеет. И когда, вот, такая погода осенняя, спокойная, красивая. Очень приятно и чисто.

Бұл осыдан бір жыл бұрынғы кездесуде айтылған өтініш еді. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев тұрғындармен тілдесіп, абаттандыруды қажет ететін учаскелерді арнайы көрген. Сол кезде халық сайдан Есентай өзенінің жағалауына түсетін баспалдақ орнатуды өтінген еді. Талап-тілек орындалып, қазір мұнда жүргіншілер жолын жасау жұмыстары жүріп жатыр. Бұдан бөлек қалада мүмкіндігі шектеулі жандар үшін де жыл сайын тиісті инфрақұрылым жетілдіріліп келеді.

Арба көтергіш платформаны қолдану үшін алдымен мынадай магнитті кілтпен ашып аласыз. Ары қарай мұнда «алға» деген батырма бар. Соны бассаңыз болғаны.

Абай даңғылы мен Достық көшесіне, Достық пен Қажымұқан қиылысына және Әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшелеріндегі жерасты өткелдеріне арбаға арналған көтергіш конструкторлар орнатылды.

«Бұл ауданда қазір 8 платформа орнатып қойдық. Тағы 26 арба көтергіш қоямыз. Бастысы, біз отандық материалдарды қолдандық әрі бұл құрылғыларды мүмкіндігі шектеулі жандардың өздері жасаған. Кембағал жандардың талаптарын барынша орындауға тырысамыз», – деді Оңалту техникалары орталығының директоры Андрей Максимов.

Мұндай құрылғылар мыңнан астам кембағал жанға көмек болғалы тұр. Әрбір платформаға қосымша 10 кілт жасалған әрі олар көбейтіліп қажет жандарға тегін таратылады. Жалпы Алматыда 14 саябақ, 97 гүлзар, 25 бульвар, 2 аллея, 1 ботаникалық  бақ пен 2 тоғай бар. Олардың басым бөлігі «Жұмыспен қамтудың жол картасы» және «Бюджетке қатысу» жобалары аясында жүзеге асқан. Қала әкімінің тапсырмасымен атқарылған бұл жобалар  қыруар жұмыстың бір бөлігі ғана.

Назкен Еркін, Ялкунжан Әшімжанов, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» арнасы

Новости партнеров