Момышұлы көшесінен қала шетіне дейін 5 шақырымға жуық жолдың құрылысы жүріп жатыр
Алматыдағы Абай даңғылы жыл соңында толық ашылмақ. Ұлы ақынның есімі берілген 6 жолақты жол Момышұлы көшесінен Наурызбай ауданының әкімшілік орталығына дейін ұзарып, қала маңындағы елдімекендерді шаһардың негізгі даңғыл жолымен байланыстырады. Осылайша, кептеліс мәселесін шешетіндей маңызы бар көлік дәлізін жасайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Момышұлы көшесінен қала шетіне дейін 5 шақырымға жуық жолдың құрылысы жүріп жатыр. Алты жолақты Абай даңғылында велосипедшілер мен жаяу жүргіншілерге арналған жолдар да қарастырылған.
«Негізгі жұмыстар аяқталып қалды. Жол жиектеріне бағандар орнатылып, барлық коммуникациялық жүйе жүргізілді. Жоспар бойынша жыл соңына дейін барлық құрылысты аяқтап, жолды ашамыз», – деді қалалық мобильділік басқармасының бас маманы Марат Құсайынов.
Еске салсақ, 6 жолақты жолдың құрылысы 2017 жылы басталған. Содан бері 2,5 километрге жол төселіп, бетоннан көпір салынып жатыр. Қарғалы өзенінің үстімен жүретін жаңа өткелдің батыс бағанасы дайын.
Алты жолақты Абай даңғылының құрылыс жұмыстары қазіргі таңда қарқынды түрде жүріп жатыр. Жауапты мамандардың сөзінше, жұмыстың 80 пайызы аяқталды. Ал қалған 20 пайызы жыл соңына дейін аяқталмақ. Осылайша, көліктер қаланы Жаңа Алматымен байланыстырып жатқан жолмен жүре бастайды.
Абай даңғылының бойына арық жолдары да жүргізіліп, көше шамдары орнатылды. Жауапты мамандардың сөзінше, 6 жолақты жолдың арқасында жауыр болған кептеліс те азаймақ.
«Даңғыл ашылса, қатар жатқан Жандосов пен Райымбек көшелеріндегі көлік тығыздығы азаяды. Осылайша, жаңа жол тұрғындардың қала орталығына уақытылы жетуіне септігін тигізеді», – деді Марат Құсайынов.
Абай даңғылын созатын аумақта 195 жекеменшік жер телімі болған. Жобаны іске асыру барысында оның 191-і сатып алынды. Осылайша, ұлы ақынның есімі берілген 6 жолақты даңғыл 100 пайыз дайын болмақ.
Оразай Нұртай, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы