Медеу ауданында жол жиегі опырылып түсті: ТЖД жағдайды бақылауға алды

09.04.2021 01:01

Өткен жылы да бір жарым метрге жуық жол жиегі құлаған


Медеу ауданында жол жиегі төменге сырғып, тас жол опырылып түсті. Тұрғындардың айтуынша, бұл бірініші рет қайталанып отырған жағдай емес. Жыл сайын осы мезгілде еріген қар әсерінен тіреуіші жоқ бұл жол төмендей береді екен. Өткен жылы да бір жарым метрге жуық жол жиегі құлаған. Ал кеше көлемі 10 текше метр болатын жар қабақ опырылып түсіпті. Айналасында орналасқан жеке сектордағы үйлерге қауіп бар ма? Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын айтсын.

Көңіл толқыны көшесі тұрғындарының бірнеше жылдан бері көңілі алаңдаулы. Себебі жыл санап дәл осы жердің төменге қарай құлауы жиілеп, опырылған жол үйге дейін жететін болды деп отыр. Мәселені бірнеше жылдан бері аудан әкімдігіне айтып келсе де, жол жиегі әлі күнге дейін нығайтылмаған.  

«Мен осы жолдың бойында тұрамын. Сәуір айының басынан бастап, біртіңдеп жол жиегі өзенге қарай құлай бастады. Ал, қазір, өздеріңіз көргендей, ойдым-ойдым шұңғырға айналып отыр. Бұған дейін бірнеше көлік пен адам құлап, төтенше жағдай орын алып еді. Әсіресе, түнгі мезгілде бұл жермен жүру тіпті қорқынышты», – деді Медеу ауданының тұрғыны Арина Клепикова.

Бәрінен бұрын аудан тұрғындары балаларын сыртқа шығарудан қалған. 3-4 жастағы ойын балалары абайсызда шұңқырға түсіп кете ме деп қауіптенеді. Оның тереңдігі шамамен 8-9 метр. Амалы қалмаған ата-аналар балаларының кірген-шыққанын аңдып, қасында жүруге мәжбүр.  

Құлаған жар пен үйге дейінгі аралық қазір міне 3-4 метрдей ғана қалған. Бұл осындағы тұрғын мен көліктердің жиі жүретін жолы. Көктем шығып күн жылынса болды жанымызды шүберекке түйіп отырамыз дейді мұндағы жұрт. Жолдың жартысы опырлып төменге қарай құлағаннан кейін бұл жерден көлік түгілі адам өтуге қорқып қалған көрінеді.  

Арнайы құрылған комиссияның шешімімен бұл жол бүгіннен бастап жабылды. Тек жүргіншілердің өтуіне ғана рұқсат. Айналасында орналасқан үйлер басқа жаққа әзірге көшірілмейді. Себебі талап бойынша аймақ жоғары қауіпті болып саналмайды екен.    

«Бұл участокке былтыр паспорты жасалған. Қандай шара қабылдау керек, бәрі көрсетілген. Қазір комиссия құрамымен тексеру жұмыстары жүргізуде. АКТ толтырылады. Соның қорытындысы бойынша ары-қарай шешімдер қабылданатын болады. Былтыр тексерген кезде бұл жерде 1-2 метр жиегі болған еді. Сырғыма қауіпті участок ретінде бұны есепке алдық», – деді  қалалық ТЖД бөлім бастығы Алмас Құрманов.

Тау бөктеріне жақын орналасқан мұндай көшелерде жолдардың опырылып құлауы заңды құбылыс дейді мамандар. Өткен жылы қауіпті аймақтардың да тізімі шығарылған. Нәтижесінде қала аумағында дәл осындай 81 мекенжайдың бар екені белгілі болды. Оның ішінде 16 участок аса қауіпті деп танылған.  

Ұлағат Арғын, Медет Саматұлы, «Алматы» арнасы