Денсаулық сақтау министрі Алматыға жұмыс сапарымен келді

01.12.2023 20:15

Бас дәрігері өрттен зардап шеккен науқастың жағдайын білді

Almaty.tv

Сирек кездесетін ауруға шалдыққан науқастарға тегін берілетін дәрілердің қатарын көбейту керек. Мұндай бастаманы бүгін Алматыдағы қоғамдық кеңес мүшелері Денсаулық сақтау министрімен кездесуінде айтты. Мегаполиске жұмыс сапарымен келген Ажар Ғиният сонымен қатар, қаладағы денсаулық сақтау нысандарының бас дәрігерлерімен кездесу өткізіп, өзекті сұрақтарды талқылады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Алматыға жұмыс сапарымен келген Денсаулық сақтау министрі алдымен қаладағы бірнеше медицина нысанын аралап көрді. Атап айтсақ, №1 қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасына барды. Сондай-ақ Қазақ Ұлттық университетінде жақында іске қосылған симуляциялық орталықтың жұмысымен танысты. Кейіннен қаладағы медициналық нысандардың бас дәрігерлерімен кездесіп, жыл басынан бергі денсаулық саласында атқарылған жұмыстардың қорытындысын баяндады. Кейіннен қаладағы үкіметтік емес ұйым мүшелерімен кездесіп, олардың ұсыныс, пікірін тыңдады.

– Қаладағы халыққа қызмет ететін медициналық ұйымдардың басшыларымен жиналыс өткіздім. Ол жиналыста осы медициналық көмекті жақсарту үшін жасаған аналитка талқыланды. Жұмысты жақсарту үшін ары қарай қандай шаралар қабылдау керек екені туралы кеңес бердім, – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният.

Сондай-ақ еліміздің бас дәрігері кеше ғана Алматыдағы өрттен зардап шеккен науқастың жағдайын білу үшін ауруханаға арнайы барды. 27 жастағы әйел адамның денсаулығы орташа ауыр. Қазір қаладағы шұғыл көмек көрсету ауруханасында токсикология бөлімінде ем қабылдап жатыр. Айта кетейік, кеше таңғы 5-тер шамасында қаладағы хостелдің бірінде өрт болып, 13 адам көз жұмған еді. 5 адам зардап шегіп, жақын жердегі ауруханаға жеткізілді. Олардың төртеуі дәрігерлер мен психологтардың көмегінен кейін амбулаторлық емге жеберілді. Министр Ажар Ғинияттың түстен кейін де тұрғындармен кездеседі. Қаладағы бірнеше емхананың жұмысымен танысып, бас дәрігерлермен жолығады. Журналистер үшін арнайы брифинг те жоспарланған.

Оқи отырыңыз: Алматыда жаңа перинаталдық орталық салынды