Қала бойынша тамақ өнімдерін өндіру саласында 250-ге жуық кәсіпорын жұмыс істейді
Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Алматыға жұмыс сапары аясында Алматының индустриалық аймағындағы «BRB APK» ЖШС жылыжай кешеніне барды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз хабарламасына сілтеме жасап.
Қазіргі таңда ауданы 17 га болатын жылыжайда заманауи голландиялық технологиялар (өсімдікті топырақта емес, қоректік ерітіндіде өсіру, тамшылатып суару жүйесі және т.б.) қолданылады, бұл жылына 7,2 мың тоннаға дейін көкөністер өсіруге мүмкіндік береді. Жобаға 7,8 млрд. теңге инвестиция салынды, 200 адам жұмыспен қамтылған.
2016 жылы жылыжай іске қосылғалы бері отандық өндіруші ішкі нарықты жоғары сапалы көкөністермен (қызанақ, қияр, болгар бұрышы, баялды және т.б.) қамтамасыз етеді.
Сапар барысында Ербол Қарашөкеев тамақ өнеркәсібі саласындағы қайта өңдеу кәсіпорындары – «Беккер және К» ЖШС, «Бижан «МӨЗ» ЖШС, «Маслодел» ЖШС, «Еуразиан Фудс Корпорейшн» АҚ және т.б басшыларымен кездесіп, түйткілді мәселелер мен Алматы қаласының қайта өңдеу саласын одан әрі дамыту жоспарын талқылады.
Алматы еліміздегі ең ірі азық-түлік тауарларын тұтынушы мен өндірушінің бірі. 2022 жылдың 11 айында тамақ өнімдерін өндіру көлемі 279,2 млрд теңге болды, бұл өткен жылға қарағанда 1,4%-ға артық. Қала бойынша тамақ өнімдерін өндіру саласында 250-ге жуық (26 ірі және орта) кәсіпорын жұмыс істейді. Бұл секторға өңдеу өнеркәсібінің жалпы қалалық көлемінің 28%-ы тиесілі.