Креативті хаб қалада жасампаз орта қалыптастыру үшін қолға алынған
Алматының Алатау ауданында креативті хаб ашылды. Бүгін тұсауы кесілген орталықпен қала әкімі Бақытжан Сағынтаев арнайы барып танысты. Түрлі идеяларды соңғы сандық технологиялармен байланыстыратын орын әсіресе жастардың интеллектуалды дамуына септеседі. Яғни, ойдағы кез-келген идеяны іс жүзінде жүзеге асыруға болады деген сөз. Бүкіл Қазақстанда баламасы жоқ орталықты Almaty.tv тілшісі Назкен Еркін де көріп қайтты.
Тұңғыш рет Алматы-Арена маңындағы мультимедиялық базасында "Алатау" креативті хаб ашылды. Орталықта қолға алынатын тың дүниелермен қала әкімі арнайы барып танысты. Креативті хаб қалада жасампаз орта қалыптастыруға ықпал етеді. Яғни бір идеяның өмірге келуінен бастап оның жүзеге асуына дейінгі үдерісті осы жерде атқаруға болады. Көлемі 1700 шаршы метрдей болатын орында коворкинг алаңдар, балаларға арналған 25 тегін шығармашылық үйірме, мастер-кластар мен презентациялар жасалады.
«Мәдениет басқармасымен бірге біз келесі жылы 5 мыңнан көп оқушы оқытатын ойымыз бар. Сайт жасау, есептерді шығару, математика және логикалық білімдерді дамыту үшін балалар біздің мектепте оқиды», – деді Element бағдарламалау мектебінің негізін салушы Айша Орынбаева.
Жоба аясында жетілдірілген кітапхана жүйесі жасақталған. Бастысы Алатау ауданының жастары мұндай орталықтың ашылғанына риза.
«Кітап – адамның руханиятын байытады демекші, мұнда кітаптар өте көп екен. Жаныма да жақын. Сонымен қатар, әрине, өте қызықты, біліміңді кеңейтеді, сөздік қорыңды да байытады», – деді № 178 лицей оқушысы Аяжан Әлиханова.
«Бұл жерде «SKRESH» секілді бағдарламаларды үйретеді екен. Бізге болашақта жастарға осындай «skresh» секілді бағдарламалар керек болады», – деді № 170 лицей оқушысы Айбын Амитбек.
Сондай-ақ, хабта мультимедиялық алаңқай бар. Онда картиналарға жан бітіп, 3Д форматтағы кескіндемелер жасалады.
«Бұл мультимедиялық кеңістік. Яғни, мұнда барлығы осы саладағы біліммен байланысты болады. Атап айтсақ, анимация, бейнеарт, 3Д кескіндер және виар-технологиялар. Қазіргі заманда виртуалды кеңістікте ұсынылатын үш үлкен бағыттағы жаңа техникалық әдістер қамтылатын болады. Олар – білім беру, тәжірибелік зертхана және көрме кеңістігі», – деді «Еуразиялық мәдени альянс» қоғамдық бірлестігінің басшысы Игорь Слудский.
Мұнда еліміздің белгілі ақын-жазушыларымен де кездесулер өтеді. Алаң кітап дүкендері мен баспа үйлерінің бірігіп жұмыс істеуіне де сеп болады дейді зиялы қауым өкілдері.
«Жасанды интеллектпен айналысамын дегендердің бәріне де осы жерде мүмкіндік туғызылған. Сосын Жазушылар одағымен бірлесіп жұмыс істегісі келеді. Бұл енді жастардың шығармашылығын ашуға ұмтылыс қой», – деді ҚР Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет.
Сондай-ақ, хаб базасы арқылы креативті бизнеспен айналысып оны дамытуға да орасан жағдайлар жасалыпты. Орталықта дайындалған жобалар Алатау ауданына ғана емес қалаға жаңа инвестициялар тартуға мол мүмкіндік береді.
«Жаңа барлығын аралап шықтық. Балаларға кәдімгідей ойын шығарып үйретіп жатыр. Балалар ойын ойнағанша, осы жаққа келіп ойын шығарып, кейін табыс таба алады, мультфильм шығаруды үйретіп жатыр», – деді блогер Камила Әділхан.
Тегін үйірмелердің ішінде цирк пен вокалдан дәрістер оқылып, жастардың шығармашылығына ден қойылады. Одан бөлек, қолөнершілерге арналған арнайы аймақ та бар.
«Цирк – бұл денсаулық үшін пайдалы. Сондықтан мен дәл осы қала шетінде орналасқан орталықтан талай талантты балалар шығатынына сенемін. Біз аптасына 3 рет тегін сабақ өткізетін боламыз», – деді цирк әртісі Мұрат Мұтырғанов.
Жалпы қаламызда Алматы-2050 стратегиясы бойынша шеткі аудандардың дамып, өркендеуіне үлкен мән беріліп келеді. Мұндай хабты Алатау ауданынан бөлек алдағы екі жылда қаламыздың барлық аудандарында да ашу жоспарланған. Сонымен қатар, креативті хаб базасында қаңтар айында IT-зертхана ашылады деп күтіліп отыр.
Назкен Еркін, Ғани Қалуов, Арсен Сандыбаев, «Алматы» арнасы