Бірде-бір сұрақ жауапсыз қалмады: Наурызбай ауданы әкімінің халыққа есеп беру кездесуі қалай өтті

03.02.2021 03:35

Тұрғындарды толғантқан негізгі мәселелер: жол, су, жарық, қоғамдық көлік қозғалысы мен аялдамалар тапшылығы

Almaty.tv

Ақжардағы ауыз су тапшылығы, білім ордалары мен балабақшаның жетіспеуі. Бүгін халыққа есеп берген Наурызбай ауданының әкімі тікелей эфирде тұрғындардың 70-ке жуық сұрағына жауап берді. Өткен жылды қорытындылаған Санжар Әділұлына наурызбайлықтар Zoom  платформасы мен әлеуметтік желілер және телефон арқылы сауал жолдады. Аудан тұрғындарын биыл қандай игі жобалар күтіп тұр? Almaty.tv тілшісі жалғастырсын.

Аудан әкіміне сауал жолдай келген наурызбайлықтардың легі көп. Бірін жолдың жағдайы толғандырса, бірін жарық мәселесі алаңдатады. Мәселен, Қалампыр Рахимова Ақжар ауданында тұрып жатқанына 20 жылдан асқан. Сол уақыттан бері тұрақты ауыз суға қол жеткізе алмай келеді.

«Осы аудан қалаға қосылғалы бері 6 жылдан асты. Бірақ Ақжар шағынауданының барлық тұрғындары осы ауыз суға тапшы болып отырған. Осы қалаға қосылғаннан кейін осы мәселе шешіледі деген ойда едік. Өкінішке қарай, әлі ауыз суға қолымыз жетпей жатыр», – деді Наурызбай ауданының тұрғыны Қалампыр Рахимова.

«Жаңа су стансасын іске қосып, осы халыққа 33 мың кубтан артық сдуы беруге жоспарлап отырмыз. Енді  Ақжар бойынша осы жылдың соңына дейін жұмыстарды бітіріп, келесі жылы одан басқа инфраструктуралық мәселелерді шешіп, жол салып, жарықтандыру мәселесін шешуді қолға аламыз деп жоспарлап отырмыз», – деді Наурызбай ауданының әкімі Санжар Тоғай.

Ал, Жанат саяжайының тұрғындары электр энергиясының бағасына шағымдана келіпті. Жекеменшік мекеме белгілеген жарық тарифі тым қымбат дейді олар.            

«Жанат саяжайымыздағы жарық мәселесі. Трансформаторға 24 теңге төлеп жатқанымызға енді халық қымбат деп шулап жатыр. Сол үшін елдің атынан келіп, көршілердің атынан келіп сөйлеп жатырмын», – деді Наурызбай ауданының тұрғыны Қуаныш Жарқынбаев.

«Сот арқылы иесіз деп танып, кейін бізге, қаланың теңгеріміне өткізсеңіздер, оны өзіміз жөндейміз. Екіншіден, жаңағы тарифі де 24 теңге емес 17 теңге болады. Біздің әкімдікке коммуналдық қызметтер бөліміне келіп, арыздарыңызды жазсаңыздар, біз көмектесеміз», – деді Наурызбай ауданының әкімі Санжар Тоғай.

Рахат ықшамауданы тұрғындарының атынан келген Бақтылы Қалқаева аудан әкімінен тозығы жеткен жатақхана мәселесіне назар аударуды сұрайды.  

«Қойған сұрағым Рахаттағы Күлтөбе көшесінің жатақханасын бұзу мәселесі жөнінде. Себебі бұл жатақхананың салынғанына 50 жылдай болған», – деді Наурызбай ауданының тұрғыны Бақтылы Қалқаева.

«Егер де барлық көршілеріңіз келісіп, осы үйді сүріп, орнына басқа жаңа үй саламыз деп шешім шығарсаңыздар, бізбен бірге ақылдасып, сіздерге көмегімізді тигіземіз», – деді Наурызбай ауданының әкімі Санжар Тоғай.

Кездесу соңында Санжар Әділұлы биыл ауданды абаттандыру жұмыстары ерекше қарқында жүргізілетінін айтты. Атап айтқанда, 10 шағынауданға ауыз су жүргізу жұмысы жалғасып, 5 балабақша мен 4 мектеп құрылысы басталады. Сондай-ақ, Ақжар, Қалқаман, Шұғыла шағынауданындағы көшелер жөнделмек.  

Сымбат Ноғай, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы