2023 жылы қалада 6 қоғамдық кеңістік абаттандырылды
Алдағы уақытта Алматыда қоғамдық орындар саны көбейеді деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Бұл туралы ОКҚ брифингінде Алматы әкімі Ерболат Досаев мәлімдеді.2023 жылы қалада 6 қоғамдық кеңістік абаттандырылды (Оқушылар сарайы, ҚБТУ, Байсейітова көшесі, Желтоқсан саябағы, Көкмайса ы/а, Әуежайдағы Даңқ алаңы). Жалпы ауданы - 64,8 га.
- Қаладағы өте танымал саябақ аймағы ретке келтіріліп, халық игілігіне берілді. 2024-2025 жылдарға арналған үлкен жоспарымыз бар. Өйткені әзірлеу процесінде көптеген жоба бар. Қаражат жағы да қарастырылған. Оның үстіне "Жасыл Алматыға" қатысты да керемет жоспарымыз дайын, - деді Ерболат Досаев.
Қала басшысының айтуынша, Панфилов көшесіндегі жаяу жүргіншілер аймағынан бөлек Сәтбаев көшесінен Жамбыл көшесіне дейін (ұзындығы 2 км) Байсейітова көшесін абаттандыру жұмысы аяқталды. Осылайша Республика алаңынан Абай атындағы ҚҰОЖБ театрына дейінгі бірыңғай жаяу жүргіншілер аймағы құрылды.
- Сондай-ақ бізде Пушкин көшесіне қатысты жоспарымыз бар. Мақатаевтан Райымбекке дейінгі аралық жоспары бекітілді. Енді Мақатаевтан Гоголь көшесіне дейін жеткізсек дейміз. Сонымен қатар Әуезов, Алатау, Жетісу, Түрксіб аудандарында да осындай жаяу жүргіншілер аймағын құрғымыз келеді. Жоба дайын болған кезде көпшілікке көрсетеміз. Менің ойымша, қала дұрыс бағытта дамып келеді және қоғамдық кеңістіктер көп болады, - деді Ерболат Досаев.
Анықтама үшін:
Қазіргі уақытта Алматыда Есентай өзенінің бойындағы жағалауларды абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Жетісу ауданындағы Көкмайса (ұзындығы 1,8 км) және Алатау ауданына қарасты Көк-Қайнар ы/а Боралдай өзені (ұзындығы 2,2 км).
Келер жылы Есентай өзенін (су бөлгіштен Медеуге дейін, ұзындығы 6,2 км) және Үлкен Алматы (Тұңғыш Президент саябағынан Сайран көліне дейін,ұзындығы 7,1 км) өзендерінің бойындағы жағалауларды реконструкциялау жоспарлануда. Сонымен қатар 2024 жылы жаяу жүргіншілерге бағдарланған ұзындығы 17 км Райымбек даңғылын қайта құру жоспарлануда.
Гоголь көшесінен Райымбек батыр даңғылына дейінгі ұзындығы 1,1 км Пушкин көшесіндегі жаяу жүргіншілер аймағын абаттандыру бойынша қосымша жоба әзірленуде.
Сонымен қатар жеті көшеде жаяу жүргіншілер инфрақұрылымын дамыту жоспарлануда:
1. Радостовец көшесі, Абая даңғылынан Төле би көшесіне дейін, ұзындығы 1,39 км;
2. Макатаев көшесінен К.Алматы өзенінен Есентай өзеніне дейін, ұзындығы 4,44 км;
3. Жандосов көшесі, Манас көшесінен Үлкен Алматы өзеніне дейін ұзындығы 3,11 км;
4. Сәтбаев пен Байзақов көшелерінен Тілендиев көшесіне дейін, ұзындығы 2,77 км;
5. Гоголь мен Әуезов көшелерінен Желтоқсан көшесіне дейін, ұзындығы 3,05 км;
6. Әуезов пен Тимирязев көшелерінен Гоголь көшесіне дейін, ұзындығы 3,44 км;
7. Розыбакиевтен, әл-Фарабиден Төле би көшесіне дейін, ұзындығы 6,35 км.
Оқи отырыңыз: Басты жоспарым аяқталмаған іс-шараларды жүзеге асыру - Ерболат Досаев