2022 жылы 3 мектептің жанынан 800 орынға есептелген қосымша құрылыс салу жоспарланған
Қазіргі таңда Жетісу ауданындағы мектептерде орын тапшылығы 1,6 мыңнан асады. Бұл туралы Алматы қаласы әкімі Ерболат Досаев Жетісу ауданы тұрғындарымен кездесу барысында атап өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Осы тапшылықты азайту мақсатында 2022 жылы 3 мектептің жанынан 800 орынға есептелген қосымша құрылыс салу жоспарланған:
Сонымен қатар, Жетісу ауданында 1-6 жастағы балаларға арналған бала бақшаларда 4 502 орын жетіспейді.
Жетісу аудан бойынша 22 мемлекеттік, 25 жекеменшік балабақша, 7 шағын орталық бар.
«Балабақшалардағы орын тапшылығын азайту үшін жұмыстар жүргізілуде. Айнабұлақ-4 шағынауданында 160 орындық балабақшаның құрылысы басталды. 1986 жылы салынған ескі ғимарат бұзылып, соның орнына салынады. Құрылысты 2023 жылдың мамыр айында аяқтау жоспарланып отыр. Бұдан басқа, былтыр біз Ратушный көшесіндегі 280 орындық бұрынғы бала бақша ғимаратын сатып алдық, ол осы жылдың соңына дейін ашылады, – деді Ерболат Досаев.
Биыл маусымда Жетісу ауданында 3 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталады (Кемел, Айнабұлақ және Құлагер шағынаудандары). Олардың біреуінде балалар мен ересектерге арналған 2 бассейн салынады (Құлагер шағын ауданы). Барлық спорт секциялары балаларға тегін болады.