Медеу ауданы тұрғындары әкімге ауыз су мәселесі туралы айтты
«Алматы қаласының мейрамханаларындағы тамақ қалдықтарын залалсыздандыру мәселесін бақылауға аламыз». Шаһар басшысы Ерболат Досаев Медеу ауданы тұрғындарымен кездесуінде осылай деді. Сондай-ақ, аудан азаматтары қоқыс контейнерінің жиі толып кететінін айтып, әкімге шағымданды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Аудан азаматтарының айтуынша, қоқыс шығаруға төлейтін ақшаны үнемдеу үшін мейрамхана мен дәмханалар тұрғын үйлердің маңына тамақ қалдығын тастап кетеді. Қала әкімімен кездесуде бұл мәселені бір емес, бірнеше тұрғын көтерді.
– Үлкен қара қаптарға салыған тағам қалдықтарын тастап кетеді. Өздері «қоқыс шығару қызметі үшін ай сайын 68 мың теңге төлеймі» дейді. Бірақ оның ішінде тұрмыстық қана емес, тамақ қалдықтары да бар, – деді қала тұрғыны.
– Мен аудан әкіміне тапсырма беремін. Келісімшарт жасаған компания барлық қоқысты алып кетуге міндетті, – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.
Кездесуде көлік тұрағы мәселесін тілге тиек еткен аудан тұрғындары 15 жылдан бері құрылысы аяқталмаған орынның жайын айтты.
– Он бес жыл болды, Снегин көшесінің бойында құрылысы бітпеген автотұрақ бар. Онда қаңғыған ит те жүреді, тіпті ішіне төсек кіргізіп алғандар да бар. Балалар үшін алаңдаймыз. Соны бұзып тастауға болатын шығар, мүмкін құрылысын аяқтап, пайдалануға берсеңіздер, – деді қала тұрғыны Марат Исмаилов.
Қала әкімі 2024 жылға қарай автотұрақ тапшылығы мәселесін шешу жоспарда барын айтып, тұрғынның уәжіне қатысты сұраққа жауап берді.
– Самал ықшамауданында орналасқан көлік тұрағына қатысты жағдайды бақылауға аламыз. Бұл жобаның жалпы сомасы қанша болатынын көрейік. Ал Алматы паркингке мен автотұрақ ретінде қарастыру керек. Дұрыс айтасыз, өзгеріссіз тұрғанына көп болды. Біз мәселені тез шешуге тырысамыз, – деді қала әкімі.
Сондай-ақ кездесуде Медеу ауданы тұрғындары әкімге ауыз су мәселесі туралы айтты. Шаһар басшысы Ерболат Досаев биыл сәуірде ұзындығы 46 шақырым болатын су құбыры мен кәріз жүйесінің құрылысы басталғанын айтты.
Гүлмарал Изатқызы, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Алматыда барлық заңсыз құрылыс сот шешімі бойынша сүріледі