Жиында қала әкімі әрбір сала бойынша атқарылған жұмыстар мен жұмсалған қаражатқа жеке-жеке тоқталып өтті
Бүгінгі есеп беру жиынында қала жұртшылығы тарапынан үлкен белсенділік байқалды. Қала халқы Zoom платформасы, әлеуметтік желілер мен телефон, сондай-ақ әр аудандағы сұрақ қою орындары арқылы өз мәселелерін ортаға салды. 4 сағатқа созылған кездесуге мыңнан аса сұрақ келіп түскен. Медеу және Бостандық ауданы тұрғындарымен тілдесіп қайтқан Almaty.tv тілшісінің репортажы.
Жиында қала әкімі әрбір сала бойынша атқарылған жұмыстар мен жұмсалған қаражатқа жеке-жеке тоқталып өтті.
Ал, баяндаманың жалғасы тұрғындардың сауалдарына ұласты. Ол үшін әр 8 аудан бойынша арнайы сауал қою орталықтары, Open Almaty қабылдау бөлмесі, сондай-ақ, әлеуметтік желілер мен телефонда және Zoom платформасы жұмыс істеді.
Кездесуге жас өнерпаз жастардың атынан зум бөлмесі арқылы сұрақ қоюға Артық Құрманәлиев келді. Жас суретші өз туындыларын көпшілік назарына ұсынуға болатын орындардың аздығын алға тартып, әкімнен осы мәселелерді шешіп беруін сұрады.
«Қаламызда жас суретшілердің туындыларын қоятын жер жоқ. Соны әкімнен сұрау үшін келдім. Бұл біздің ауданның ғана емес, бүкіл Алматы суретшілерінің мұң-зары болып табылатын бұл көрме. Әкімнің берген жауабы, оның қайтарған жауабы мені толығымен қанағаттандырды», – деді Медеу ауданының тұрғыны Артық Құрманәлиев.
Есептік кездесуде коронавруспен күреске дайындық мәселесі де қозғалды. Аудан тұрғындарын елдегі пандемия жағдайы алаңдатады.
«Мен әкімге пандемия кезіндегі дәрі-дәрмектің жетіспеуі туралы сұрақ қойдым. Бірінші толқын кезінде препараттарға мұқтаж болдық. Сондықтан қазір індетпен күреске қаншалықты дайынбыз деген сауал қойдым», – деді Медеу ауданының тұрғыны Ирина Верли.
«Біз 8 миллион қорап дәріден тұратын препараттың азаймайтын қорын жасадық. Тіпті дәріханалардағы дәрі-дәрмек таусылып қалған жағдайдың өзінде де бізде сақтап отырған қорымыз бар. Сондай-ақ күнделікті 300 дәріханаға мониторинг жасалады. Сондықтан өткен жаздағы жағдай қайталанбайтынына сенімдіміз», – деді қала әкімі Бақытжан Сағынтаев.
Бостандық ауданының тұрғындары көбінесе, тазалық, аулаларды абаттандыру, сондай-ақ, жер телімі сияқты түйткілдерді ортаға салды.
«Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде оқығанмын. Осыған байланысты сұрақ қойып келдім. Өйткені алаңдататын сұрақ болды. Осы Ұлттық университетіміздің жері жекеменшікке беріледі деген сыбыс болды», – деді Бостандық ауданының тұрғыны Әнипа Сұрапбергенова.
«Университеттің жері жекеменшікке ешкімге берілейін деп жатқан жоқ. Қазіргі сол университеттің қарамағындағы жер телімінің бәрі универсиеттің өзінің құзіретінде. Егер де ол университет басқа біреуге бергісі келетін болса, онда университет әкімшілікке ұсыныспен шығуы керек», – деді қала әкімі Бақытжан Сағынтаев.
Тікелей эфир арқылы сұрақ қойып үлгермеген тұрғындар үшін әр аудан дағы орталықта арнайы жәшіктер қойылды. Онда түскен талап-тілектердің барлығы қалалық әкімдікке жеткізіліп, әрқайсысы жеке-жеке қарастырылатын болады.
Сымбат Ноғай, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы