Күнде айқай-шу: Әуезов ауданының тұрғындары шағымданған барға айыппұл салынды

19.07.2021 22:42

Әуезов ауданында құрылған мониторингтік топтар жыл басынан бері 4 мыңнан астам мекемеде тексеріс жүргізген

Almaty.tv

Түнімен мазамызды алып, ұйқы бермейді. Әуезов ауданының тұрғындары қаладағы кезекті рейд барысында осылай шағымданып, мекемеге шара қолдануды сұрайды. Себебі кәсіпкерлік нысанның таңға дейін жұмыс істейтіні былай тұрсын, демалушылар арасында жанжалдар да болып тұрады екен. Тексеріс кезінде түнгі бардың карантин талаптарын өрескел бұзғаны анықталды. Оқиға орнына барып қайтқан Almaty.tv тілшісі Мерей Қанапиянов тарқатады.

Әуезов ауданының тұрғындары осы уақытқа дейін мұндағы қызметкерлерге түнгі уақытта тыныштықты бұзбауды бірнеше мәрте ескертіп, тәртіп сақшыларын да шақыртқан екен. Алайда еш нәтиже жоқ.

«Бұл жерде күн сайын айқай-шу, төбелес болып жатады. Шыны керек, өзіміз де айта-айта шаршадық. Бұларға заң шеңберінде қандай да бір шара қолданса екен», – деді  Әуезов ауданының тұрғыны Константин Игоревич.

«Біріншіден, шулайды. Таңғы сағат 5-6-ға дейін жүреді. Қонақтарын игере алмайды. Мас болып шығып, бізге тыныштық бермейді. Қанша шағым жаздық, полиция шақырдық. Ешқандай нәтиже жоқ. Екіншіден, бұл мекеме газ баллонын қолданады», – деді Әуезов ауданының тұрғыны Әйгерім Сүлейменқызы.

Кейін барды мониторингтік топ тексеріп, карантин талаптары өрескел бұзғанын анықтады. Себебі Asyq бағдарламасының жоқтығы өз алдына, келушілер арасындағы қашықтық сақталмаған. Тіпті, қатаң түрде тыйым салынған қор-қор да шегілген. Мамандар анықталған деректер бойынша мекеме әкімшісі мен маска тақпаған қызметкерлерге айыппұл салды.

Көп ұзамай тексеруші мамандар түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қонақтарды тарқатты. Ал, мекемеге қатысты шешім жақын арада шығады. 

Айта кетейік, Asyq бағдарламасы болмаса, кәсіпкерлік нысандарына кешкі 20.00-ге дейін ғана жұмыс істеуге рұқсат.

«Кәсіпкерлерден өтінерім, санитарлық талаптарды сақтап жұмыс істеңіздер. Қала «қызыл» аймақта болғандықтан, ауданда рейд жұмыстары күшейтілген түрде жүріп жатыр. Қала тұрғындарының денсаулығына жауапкершілікпен қараңыздар. Мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса береді», – деді Әуезов аудандық кәсіпкерлер палатасының директоры Дінмұхамед Қонысбек.

Әуезов ауданында құрылған мониторингтік топтар жыл басынан бері 4 мыңнан астам мекемеде тексеріс жүргізіп, 940 адамға айыппұл салған. Оның 379-ы заңды тұлғаларға болса, 561-і жеке адамға қатысты.


Мерей Қанапиянов, Медет Саматұлы «Алматы» телеарнасы