Б. Сағынтаев Мәжіліс депутаттарымен қаланың әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық даму жоспарын талқылады

23.01.2021 21:19

Қала әкімі депутаттарды VII шақырылымдағы Парламент Мәжілісіне сайлануымен құттықтап, қалалықтардың өтініштерін шешу үшін сайлау алдындағы уәделерді орындау бойынша бірлесіп жұмыс істеуге шақырды

Акимат Алматы

Алматы әкімі Б. Сағынтаев Мәжіліс депутаттарымен мегаполистің әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық даму жоспарларын талқылады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Алматыдан партиялық тізімге енген VII шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің бір топ депутаттарымен кездесуде алматылықтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру мәселесі қаралды.

Б. Сағынтаев депутаттарды «Алматы-2025 даму бағдарламасының» негізгі ережелерімен және «Жаңа Алматы» кешенді даму жоспарымен таныстырды. Осы құжаттарға сәйкес қала тұрғындарының 99,3%-ын ауыз сумен қамтамасыз ету, білім беру және денсаулық сақтау нысандарын салу, сондай-ақ жол-көлік инфрақұрылымын жақсарту, жалға берілетін және несиелік тұрғын үйлер салу қарастырылған.


Сонымен қатар олар қоршаған ортаны жақсарту, тарихи орталықта құрылыс жүргізуге шектеу қою, мектепке дейінгі және қосымша біліммен қамтуды кеңейту мәселелерін талқылады. Мәжіліс депутаттары қалаға қосылған аумақтарда өмір сүрудің жағдайы мен сапасын жақсарту жөніндегі Алматы әкімдігінің бастамаларын қолдайтындықтарын білдірді.

Еске салсақ, VII шақырылымдағы Парламент Мәжілісіне сайлау қорытындылары бойынша Nur Otan партиясынан - 76, «Ақ жолдан» - 12, ҚХП-дан 10 және ҚХА-дан 9 депутат сайланды.