Игі шара жыл сайынғы «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы аясында ұйымдастырылған
Бүгін Наурызбай ауданында аз қамтылған және көпбалалы отбасынан шыққан 1-сынып оқушыларына 30 планшет пен 100 мектеп сөмкесі табысталды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Игі шара жыл сайынғы «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы аясында ұйымдастырылған. Айта кету керек, аудан әкімдігі 5 қыркүйекке дейін компьютерге мұқтаж 8507 оқушыны қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Ал демеушілер жаңа оқу жылы қарсаңында балаларға қамқорлық танытудың маңызына тоқталып, мұндай қайырымды шаралардың алдағы уақытта да жалғасын табатынын атап өтті.
«Мектепке жол» қайырымдық акциясына біз аудандық кәсіпкер ретінде қолдау көрсетіп жатырмыз. Біздің еліміздің ең бір мақсаты ол білімді жастар болуы. Осы бойынша біз алдыңғы жылдары да осы жылдары да көмек көрсетіп келе жатырмыз. Осы көмекті біз кейінгі уақытта да жалғастыра береміз», – деді кәсіпкер Есенгелді Талбидинов.
Аудан басшылары әлемді жайлаған індетке байланысты жаңа оқу жылында қашықтан оқитын оқушылар үшін көрсетілген көмектің зор болғанын айтуда. Өз атынан жомарт жандарға алғысын айтып, білім саласын дамытуда аянбай еңбек етуге дайын екендігін жеткізді.
«Қазір бізге компьютерлік техникалар қажет. Демеушілерімізге рақмет айтамыз, осы аудандық әкімшілікке рақметімізді айтамыз. Себебі 1-сыныптарға планшет, сөмке, қажетті кеңсе тауарларын табыс етті. Біздің аудан бойынша 2814 жағдайы төмен отбасыда бала тәрбиеленіп жатыр. Соларға өте үлкен көмек болады деп ойлаймын», – деді Наурызбай ауданы білім бөлімінің басшысы Гүлмира Жомартбай.