Алматыда ауыл шаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі өтті

20.10.2020 00:24

Ауыл шаруашылық өнімдеріне Жамбыл облысы мен Тараз қаласынан 336,1 тонна азық-түлік әкелінген

Almaty.tv

Алматыда ауыл шаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Шаһарға Жамбыл облысы мен Тараз қаласынан 336 тоннадан астам азық-түлік әкелінген. Жәрмеңкеде ет, сүт, қант, макарон өнімдерінен бастап жеміс-жидек пен көкөніске дейін сатылды. Тауарлар нарықтағы бағадан 8-20 пайызға төмен бағада ұсынылған. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Назкен Еркін жалғастырады.

Ауыл шаруашылық өнімдеріне Жамбыл облысы мен Тараз қаласынан Алматыға 336,1 тонна азық-түлік әкелінген. Тауарлардың жалпы құны 162,1 миллион теңге. Жәрмеңкеде ет, шұжық, сүт, қант, макарон өнімдерімен қоса ұн, жұмыртқа, өсімдік майы, бал мен жеміс-жидек, көкөністер саудаланды.

«Көптеген өнімдерге келетін болсақ 40 тоннаға жуық әртүрлі ет түрлері, одан кейін қайта өңделген қымыз, шұбат сияқты ауылдың өнімдері, күнделікті ауылдың халқы тұтынып жатқан тауарлар көбі әкелінді. Оған қоса біздің өңірде іске асып жатқан пилоттық жоба бар. Президенттің тапсырмасына сәйкес іске асып жатқан. Сол 11 округтен арнайы тауарлар келіп отыр», – деді Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Берік Нығмашев.

Мұндай жәрмеңке шаруаларға да тиімді. Себебі тауарларын қала тұрғындарына өздері тікелей, ешқандай делдалсыз ұсына алады. Ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу үшін 10 жүк көлігі мен шаруаларды тасымалдауға 2 автобус бөлінген.

Шаруалармен блиц:

– Екі қой, бір сиыр әкелдім. Қиналған жоқпыз, жақсы жеттік. Ешкімге өкпеміз жоқ.

– 200 бас ірі қара жылқы ұстап отырмыз. Соның  89 басын сауып отырмыз. Сол 89 биеден бүгінде 300 литр сүт аламыз.

Халық үшін әдетте 80-120-ға дейін шатыр тігілетін, бірақ биыл карантинге байланысты оның саны қысқарған. Соған қарамастан ел азық-түлікті жапа-тармағай сатып алып жатыр.

БЛИЦ:

– Сүзде, қаймақ, май сондай үйдің тағамдарын алдым ауылдан әкелінген. Жақсы бағасы.

– Бал  алдық жаңа Меркіден келген. Шай алдық. Қазір кішкене жылқының етін аламыз.

Тауарлар нарықтағы бағадан 8-20 пайызға төменгі бағамен ұсынылған әрі қатаң бақылауға алыныпты.

«Жамбыл облысының әкімдігімен бірлесіп, біз бағаларын нақты қарап отырмыз. Өткен аптада да өткізген кезде, инстаграм парақшама «мына жерде баға жоғары» депғ жекеге бәрі жазып жатыр. Бұл жерде бізге 1900 теңгеден ет сатамыз деп айтып, біз кетіп қалғанда,  2 мыңнан сатуы мүмкін», – деді қала әкімінің орынбасары Мақсат Қиқымов.

Жәрмеңкеге жиналған жұрттың саны көп болды.  Әлеуметтік қашықтықты қадағалау үшін 60-қа жуық ерікті тартылған. Ал мамандар келген тауарлар екі күнде сатылып кетеді дейді. Мұндай жәрмеңке алдағы аптаның демалыс күндері тағы өтеді деп жоспарланған. Бірақ қаладағы эпидемиологиялық жағдай ескеріледі.

Назкен Еркін, Медет Саматұлы,  «Алматы» арнасы

Теги: товары