Жиын барысында алдағы сайлауалды науқанды өткізу тәртібі қарастырылды
Қоғамдық кеңес – қоғам мен билік арасындағы алтын көпір. Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрімен Алматы қаласының Қоғамдық кеңес мүшелері кездесті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ведомство өкілінің айтуынша, 14 қазан күні Қоғамдық кеңестердің үшінші республикалық мәжілісі өтеді. Осыған байланысты бүгін жиында кеңес қызметінің басым бағыттары мен алдағы жұмыс жоспары талқыланды. Ал күн тәртібіндегі түйткілдерді министрлік басты назарға алмақ. Кейін кеңес мүшелері аталған мәселелер бойынша Президент алдында есеп беріп, оны тиімді шешу жолдарын ұсынбақ. Сондай-ақ жиын барысында алдағы сайлауалды науқанды өткізу тәртібі қарастырылды.
«Кездесудің басты қағидасы – Алматы қаласындағы, жалпы Қазақстандағы Қоғамдық кеңестердің жұмысын біршама жандандыру болып табылады. Сондай-ақ алда келе жатқан ҚР президентін сайлауға байланысты сайлауалды қандай жұмыстар жүру керек деген сияқты мәселелер талқыланды», – деді қалалық Қоғамдық кеңестің мүшесі Талғат Жанысбай.
«Біз еліміз үшін халықтың үнін ескере білетін мықты маман болуымыз қажет. Яғни, қоғамды дамытуға бар күшімізді салу – міндетіміз. Сондықтан біз барынша ашық болып, қордаланған түйткілдерді халықпен бірлесе отырып, құжаттарға сүйене отырып шешуіміз керек», – деді қалалық Қоғамдық кеңестің мүшесі Бекнұр Қисықов.