Бүгінгі күні «Бақытты Отбасы» орталығының базасы негізінде әр ауданда «ISKER ANA» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр
Алматыда көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың бизнестерін дамытуға және жұмысқа орналастыруға «Әлеуметтік тігін цехы», «ISKER ANA» сауда үйі көмектесіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
ӨКҚ өткен брифингте көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың бизнесін дамытуға және жұмысқа орналасуына қалалық «Бақытты отбасы» орталығының қалай қолдау көрсетіп келе жатқаны туралы орталық жетекшісі Зульфия Байсакова, үйлестіруші Әсем Байділданова айтып берді.
Бүгінгі күні «Бақытты Отбасы» орталығының базасы негізінде әр ауданда «ISKER ANA» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. «ISKER ANA» бағдарламасымен көпбалалы аналарға тіркеу, заңгерлік және психологиялық көмектер көрсетіледі, кәсіпкерлік негіздері бойынша курстарға тартылады, бизнес-жоспар құруға, өз бизнесін ашуға, грант немесе микрокредит алуларына ықпал етеді.
Ағымдағы жылы көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды жұмысқа орналастыру және өз бизнесін ашу мақсатында демеушілер арқылы Әуезов ауданында тоқыма және азық-түлік өнімдерін қолдан сату үшін 4 сауда нүктесі, атап айтқанда, «Тиграхауд», «Арыстан» сауда үйлерінде, «Сары – Арқа» және «Арыстан» базарларында азық-түлік нүктесі ашылды. Алмалы ауданында «Әлеуметтік тігін цехы» (Алматы қаласы, Жібек жолы көшесі, 135) өз жұмысын бастады.
Сонымен қатар, Түрксіб ауданында көпбалалы аналардың қолдан жасаған тауарларын сататын «Іскер Ана» сауда үйі (Алматы қаласы, Сүйінбай даңғылы, 263) ашылды. Сауда үйінде заманауи стильдегі ұлттық костюмдер, құрақ-көрпе, ұлттық нақыштағы әшекейлер, әйелдерге арналған киімдер сатылымға қойылды, сондай-ақ киімдерді өңдеу және жөндеу бойынша қызмет көрсету көзделген.
Зульфия Байсакова «Бақытты отбасы» орталығының арқасында мыңға жуық жұмыс орны ашылғанын атап өтті.