Алматы әкімдігі қаланы дамыту үшін «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-мен өзара іс-қимылды күшейтеді

06.05.2022 21:41

Алматы әкімдігі және «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне өтіп жатыр

Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Басқарма Төрағасы Қанат Шарлапаевпен мегаполистің әрі қарай дамуының перспективаларын талқылау бойынша кездесу өткізді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Әңгіме барысында кәсіпкерлерді қаржылық қолдау, қаланың тұрғын үй қорын жаңарту, ESG жобаларын іске асыру және тағы басқа мәселелер бойынша ұзақ мерзімді ынтымақтастық туралы сөз болды.

Қазіргі уақытта, қаланың өнеркәсіп саласын дамыту үшін «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ желісі бойынша  Индустриалды аймақтағы шағын өндірістік парктерді қаржыландыру мәселесі пысықталуда. Жоба аясында бизнес бағасы кемінде 80 млн теңге тұратын жабдықты жылдық 3% мөлшерлеме бойынша 3 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге лизингке сатып ала алады. Бағдарламадан күтілетін тиімділік – іскерлік белсенділікті арттыру және жаңа жұмыс орындарын құру.

Кәсіпкерлерге қолжетімді қаржыландыруды ұсыну үшін «Даму» КДҚ» АҚ бірлесіп «Almaty Business» өңірлік бағдарламасына факторингтік келісімдер арқылы өзгерістер енгізу барысында АЭА аумағындағы жобаларды қаржыландыру мөлшері 500 млн теңгеге дейін артады, шағын және орта бизнес үшін сыйақының жылдық мөлшерлемесі 6% болады.

Өнімді экспортқа шығаратындарды қолдау мақсатында жобаларды жылдық 12%-ға дейінгі мөлшерлеме бойынша айналым қаражаттарын толықтыру үшін «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ желісі бойынша экспорт алды қаржыландыру жоспарлануда, бұл отандық тауар өндірушілерді халықаралық нарықта  қолдауды қамтамасыз етеді.

Тараптар машина жасау саласын дамыту перспективаларын талқылады. Атап айтқанда, "Hyundai Trans Kazakhstan" базасында автокомпоненттер зауытын салу жөніндегі жобаны "ҚДБ"АҚ-ның қаржылық қолдауы талқылануда. Жоба өндірісті оқшаулау деңгейін 8% - ға арттыруға және Алматы қаласының экспорттық әлеуетін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Кездесу барысында «Бәйтерек» холдингінің еншілес компанияларының Алматы қаласының 2021-2025 жылдарға арналған тұрғын үй қорын реновациялау бағдарламасына қатысуы бойынша бірқатар мәселелер қаралды.

«Біз «Бәйтерек» холдингімен ШОБ қолдау бойынша энергетика, көлік, өңдеу өнеркәсібі, тұрғын үй бағдарламалары мәселелеріне қатысты ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруда да өзара іс-қимыл жасауға мүдделіміз. Біз ESG – жобаларын іске асыру үшін жасыл облигациялар шығаруға, автобус паркін экологиялық қоғамдық көлікпен жаңартуға және т.б. дайынбыз», – деп атап өтті Ерболат Досаев.

Кездесу қорытындысы бойынша осы жылдың мамыр айының соңына дейін тараптар орындау мерзімі 2025 жылға дейін арналған Алматы әкімдігі мен «Бәйтерек» холдингі арасында бірлескен Жол картасына қол қоюға келісті.