Әуезов ауданының әкімі С. Сайфеденовтың есептік кездесуі қалай өтті

03.02.2021 21:35

Алматы қаласы аудан әкімдерінің халық алдындағы есептік кездесуі жалғасып жатыр

almaty.tv

Алматы қаласы аудан әкімдерінің халық алдындағы есептік кездесуі жалғасып жатыр. Аптаның үшінші күнінде Әуезов ауданының әкімі Сайран Тәпенұлы тұрғындардың түйткілді сұрақтарына онлайн форматта жауап берді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Кездесуде әлеуметтік саладағы сұрақтардан басқа, ескі үйлерді сүру мен тротуарлар салу, лифттерді жөндеу мен балалар алаңына қатысты сауалдар да қойылды.

Тұрғын:

– Сүлейменов көшесі, 43-үйдің тұрғынымын. Біздің үйлер 60 жылы салынған. Апатты жағдайды. Құрметті әкім мырза, сізден сұрайтыным – біздің үйлер қашан сүріліп, жаңа үйлер салынады екен.

«Сүлейменов көшесінде ескірген үйлердің саны 49. Өткен жылы оның бесеуі сүрілген болатын. Оның орнына 16, 17 және 9 қабатты үйлер салыну жоспарланған. Бұл жұмыстар көрші үйлердің келіспеуінен қазір тоқтап тұр. Алдағы уақытта бірінші кезеңнің жұмыстары наурыз айында басталады», – деді Әуезов ауданының әкімі Сайран Сайфеденов.

Ал, ауданда өткен жылы екі қызмет көрсету саласының жаңа нысаны ашылған еді. Нәтижесінде 465 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Одан бөлек, 44 жоба іске асырылып, 3,5 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылды. Аудан 93 пайызға жарықтандырылған. Ұзындығы 28 шақырым болатын 51 көшеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 13 шақырым жаңадан жүргіншілер жолы салынды.