Жиынның басты мақсаты – екі қолға бір күрек таппай жүрген жастарға жәрдемдесу
Алматыда «Мансап күні» атты онлайн бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті. Креативті индустриялар басқармасы ұйымдастырған шараға жұмыс іздеушілер тарапынан 350-ден астам өтінім келіп түсіпті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жиынның басты мақсаты – екі қолға бір күрек таппай жүрген жастарға жәрдемдесу. Жәрмеңкеге Қазақстанның еңбек нарығында өзіндік орны бар компаниялардың өкілдері қатысып, онлайн сұхбат құрды.
«Бұл шараның мақсаты – жұмыссыз жүрген жастарды әрқашан да қолдап, жаңа қызметке орналасуына жағдай жасау. Одан бөлек алдағы уақытта басқа да жоспарларымыз бар. Яғни, кретивті кәсіпкерлерге қолдау білдіргіміз келеді», – дейді Креативті индустриялар басқармасы басшысының орынбасары Әсел Мұқажанова.
Мамандар мұндай шаралардың онлайн өтуі жұмыс іздеушілердің уақытын үнемдейтінін әрі пандемия кезінде қауіптің алдын алуға болатынын айтады.
«Enbek.kz деген электронды сайтымыз бар. Бұл жерге жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілер өздерін тіркеу арқылы вакансияларын орналастыра алады», – деді Халықты жұмыспен қамту орталығының маманы Дархан Тілеужанов.