Мақсат – инфекциялық ауру қаупін азайту, дәріханаларда ұзақ кезектің алдын алу
Бүгін қаладағы еріктілер әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар мен жалғызбасты зейнеткерлерге бірінші кезекте қажетті дәрі-дәрімек салынған қорап таратты, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Ашық жүрек» деп аталатын қайырымдылық шарасы аясында бір күннің өзінде 100 отбасы алғашқы медициналық көмекпен қамтылады. Мақсат – инфекциялық ауру қаупін азайту, дәріханаларда ұзақ кезектің алдын алу.
«Рақмет көп! Дәрі-дәрмек әкеліп беріп жатыр, өте қажет бізге. Вирустан сақтану керек, маска киіп жүру керек. Далаға көп шықпаңыздар!» – деді зейнеткер Елемес Десембиев.
Бұдан бөлек, «Қазақстан волонтерлар Лигасы» дәрігерлер, аз қамтылған және көпбалалы отбасындағы оқушылар үшін білім курстарын ұйымдастырған. Онда жеті шет тілі мен шығармашылық үйірмелер тегін оқытылады. Сабақ онлайн форматта жүргізіледі.
«Сонымен қатар, қазір біз компьютер мен гаджеттерді жинап жатырмыз. Алдағы күндерде оларды мұқтаж отбасылардың балаларына онлайн сабақты еш қиындықсыз оқу үшін таратып беретін боламыз», – деді «Қазақстан волонтерлар Лигасы» ҚҚ төрайымы Бағдат Анарбаева.