Кеселдің жолын кесетін бір ғана амал – топ болып жиналмай, санитарлық талаптардың сақталуы, дейді дін өкілдері
Коронавирустан көз жұмғандардың туыстары марқұмның жетісін, қырқын өткізгенде сақ болған абзал. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы осындай үндеу жасады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Кеселдің жолын кесетін бір ғана амал – топ болып жиналмай, санитарлық талаптардың сақталуы, дейді дін өкілдері. Сондықтан аталған шараны барынша аз адаммен жасаған дұрыс. Дінімізде денсаулық адамға берілген аманат болып саналады. Ал оған қиянат жасауға шариғатта тыйым салынған.
«Жаназаға 30 адамнан артық жиналуға болмайды, тек туыстары ғана. Сосын бір ғана діни қызметкер барады. Және 7 күндік, 40 күндік, 100 күндігінен уақытша бас тарту. Себебі бұның артында ұлттың, үмметтің денсаулығы тұр. Ұлттың, үмметтің денсаулығын сақтайық!» – деді қаланың бас имамы Еркінбек Шоқай.
Пандемияға байланысты коронавирустан мерт болған адамның жаназасын шығару рәсіміне де біраз өзгерістер енгізілген. Мәйіт ауруханада ақ матаға оралып, жаназа енді үйде емес қабыр басында бірақ шығарылады.
«Бірден мәйіт иелері сондай өтініш жасайды. Олар дайындап береді. Біз барынша сол мәйітті тікелей қабірге апарайық. Сөйтіп, үйге әкелмей, сол жерде арнайы санитарлық талаптар және шариғат талаптары бойынша қабірдің басында жаназасын шығарып, медициналық қызметкерлер өздері жерлеп беруін сұрап отырмыз», – деді қаланың бас имамы Еркінбек Шоқай.