3 сағатқа созылған кездесу барысында 87 сұрақ қойылып, әр талап-тілек жеке-жеке талқыланды
Алматыда аудан әкімдерінің халық алдында есептік кездесуі жалғасып жатыр. Бүгін Жетісу ауданының әкімі Гүлнар Көкебаева «Алматы» телеарнасының тікелей эфирінде өткен есептік кездесуде аудан бойынша 2020 жылғы атқарылған жұмыстарды қорытындалды. Сондай-ақ, жетісулықтар әлеуметтік желілер мен зум платформасы арқылы тікелей эфирге қосылып, көкейіндегі мәселелерімен бөлісті. 3 сағатқа созылған кездесу барысында 87 сұрақ қойылып, әр талап-тілек жеке-жеке талқыланды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Тұрғын:
– Көкжиек шағынауданының тұрғынымын. Менің қояр сұрағым, былтыр Көкжиек ықшамауданында көпбалалы аналардың балаларына арналған футбол алаңы бар болатын. Сол жабылып қалды. Неліктен жабылды? Биыл қайта ашу жоспарда бар ма?
«Иә, тегін секциялар болған. Олар болады, көктемде ашылады. Бірақ эпидемиологиялық жағдайға байланысты болады. Енді бәрі дұрыс болса, ашамыз», – деді Жетісу ауданының әкімі Гүлнар Көкебаева.
Ал, Кемел шағынауданы тұрғындарын ауданды абаттандыру мәселесі алаңдатады. Қалаға жақында ғана қосылған аймақтың жұрты қоғамдық орныдаға қоқыс жәшіктерін қойып беруді сұрайды.
Тұрғын:
– Біздің Кемел шағын ауданы бұрын Бірінші мамыр ауылы болған. Жақында ғана қалаға кірдік. Қала орталығының көркейіп жатқанын байқап жатырмыз. Бізге де қоқыс жәшіктерін қойып берсе деген тілегіміз бар.
«Әрине, біз бұл мәселені міндетті түрде қарастырамыз. Кемел шағынауданында шынымен де осындай мәселе бар. Қажетті орындарға қоқыс жәшіктерін қоямыз», – деді Жетісу ауданының әкімі Гүлнар Көкебаева.
Есептік кездесуде Гүлнар Ахметжанқызы жетісулықтарды жыл соңына дейінгі жоспарлармен құлағдар етті. Оның айтуынша, биыл аймақта 20 мың түп жасыл желек отырғызылады. Сондай-ақ, 18 шақырым жол жөнеліп, аудан жүз пайыз жарықпен қамтылады.