Алматыда сүрілетін ескі үйлердің түйткілі бірте-бірте шешіліп келеді. Алмалы ауданы тұрғындары қала әкімі Бақытжан Сағынтаевпен кездескен кезде баспаналарының апатты жағдай екенін айтып, алаңдаушылық білдірген еді. Араға бір жыл салмай, бұл мәселе оң шешімін таба бастады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алмалы ауданы тұрғындары қала әкімі Бақытжан Сағынтаевпен кездескен кезде ескі үйлерді сүру мәселесіне ерекше көңіл бөлуді сұраған еді. Олар баспаналарының құлау алдында тұрғанын айтып, бұл түйткілді шешіп беруін өтінген еді.
БЛИЦ:
– Біздің үй 1946 жылы тұрғызылған. 27 отбасы тұрамыз, әрқайсымызға 14 шаршы метрден ғана бөлінген. Санитарлық жағдайларымыздың бәрі сыртта. Жылу құбырлары шіріп жатыр. Жыл сайын қыс түсер алдында бәріміз тағы қай жер жарылар екен деп уайымдай бастаймыз. Тағы да жылусыз қаламыз ба деп қорқамыз.
«Бұл 1 қабатты тозығы жеткен үй. Қысқа қарсы кішігірім жөндеу жүргізіп берсек, ішке кәріз жүйесін кіргізіп берсек деп, инвестор таптық. Арасында бір-екеуі келіспей отыр. Егер келіссе, түгел сатып алады. Жақын арада шешіледі», – деді Алмалы ауданының әкімі Бекқали Торғаев.
Тұрғындармен кездесуден кейін қала әкімі «Ескі үйлерді» сүру бағдарламасын мықтап қолға алатындығын жеткізген. Сөйтіп, ауданда бұл мәселе бірте-бірте шешіле бастады. Сырбай Мәуленов көшесі бойындағы ерекше дизайнмен жасалған 9 қабатты жаңа екі тұрғын үйде халықтың жайлы өмір сүруі үшін бар жағдай жасалған. Алайда осыдан бір жыл бұрын мұндағы жағдай адам шошырлық еді.
«1930 жылдары соғылған үйлер. 90 жылдық үйлер ғой. Кезінде мына ауланың кезіндегі түрі басқаша болған. Мына жердің дворы басқаша болған. Үйлердің жағдайы өте төмен болған. Кәріз жүйесі болмаған. Үйдің ішінде газ болмаған», – деді құрылыс компаниясының директоры Ғабит Маматрайымов.
Осылайша, қатар тұрған қос ескі үй сүріліп, 1 жыл ішінде жаңа тұрғын үй кешіні бой көтерді. Сүрілмей тұрған кезде екі көне тамда бас-аяғы 22 пәтер болған екен.
«Негізгі мақсатымыз – халықтың ескі үйлерін алып, орнын бұзып, халыққа жаңа пәтер беру. Алматы қаласында 90 жыл, 80 жыл болған 1340 үй бар екен», – деді құрылыс компаниясының директоры Ғабит Маматрайымов.
Айта кетейін, жалпы Алмалы ауданында 134 ескі үй бар. 2 жыл ішінде 17 ғимарат сүрілген.
Сая Меңдеке, Қобылан Әлдибеков, Арсен Сандыбаев, «Алматы» арнасы