Фестиваль Абай атындағы алаңда (Республика Сарайының алды) 29-30 қазан күндері өтеді
Абай атындағы алаңда Almaty Food Fest 2022 халықаралық гастрономиялық фестивалі өтіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Туризм басқармасы мұның қаланы халықаралық іс-шара туризмінің негізгі бағытының бірі ретінде таныту үшін ұйымдастырылғанын айтады.
Almaty Food Fest 2022 аясында мәдени және ойын-сауық бағдарламасы қарастырылған. Онда әлемнің түрлі елінің ұлттық асы ұсынылған. Фестивальге келушілер мексика, грузин, америка, азия және қазақ тағамдарынан дәм татады. Десерт әуесқойларының талғамы да ескеріліп, олар үшін арнайы «тәттілер көшесі» ұйымдастырылды.
Сонымен бірге, қонақтар аспаз байқаулары мен ұтыс ойындарына қатысып, халықаралық деңгейдегі арнайы шақырылған аспаздардың live cooking шоуын тамашалап, ауыл шаруашылығы өнімдері мен қолөнер бұйымдарын сатып ала алады. Қазақстандық эстрада жұлдыздары әсерлі шоуды жанды әуенмен тербетті.
Фестиваль Кувейт, Бахрейн, Үндістан және басқа елдерден келген танымал шетелдік блогерлерді де бей-жай қалдырмады. Олар өз еліндегі ұлттық тағамдардың ерекшеліктеріне тоқталып, Қазақстанның дәстүрлі тағамдарына шолу жасады.
"Мен нағыз гурманмын. Отаным Үндістанда 500-ге жуық мейрамханаға бардым. Сіздердің ұлттық тағамдарыңыз туралы көбірек біліп, жаңа гастрономиялық тәжірибе алу үшін Алматыға Almaty Food Festival 2022-ге арнайы келдім",- деп үндістандық фуд-блогер Рохит Мавле әсерімен бөлісті.
Фестиваль Абай атындағы алаңда (Республика Сарайының алды) 29-30 қазан күндері өтеді. Әр кеш соңында қонақтар қазақстандық әртістердің өнерін тамашалайды:
29 қазан – Orda тобы;
30 қазан – Қайрат Нұртас.
Фестиваль бағдарламасын www.almatyfoodfest.kz ресми сайтынан және almatyfoodfest Instagram парақшасынан көруге болады.