3 тамыздан бастап іске қосылған бағдарламаға 8 мыңнан аса қала тұрғыны тіркеліп үлгеріпті
Енді жұмыспен қамту орталығының қызметін алу үшін кезекте тұрудың қажеті жоқ. Алматыда жұмыс іздеген азаматтар QR-код жүйесі арқылы онлайн тіркеліп, қалаған уақытында орталыққа келуіне болады. Қалалық Цифрландыру басқармасының жүзеге асырған бұл жобасы қазір қалай жұмыс істеуде? Пандемия кезінде аса қажеттілік тудырған бағдарламаны тұрғындар қалай пайдалана алады? Толығырақ Almaty.tv тілшісі Аяулым Көлжігіт тарқатады.
Жұмыспен қамту орталығы мамандарының сөзінше төтенше жағдай кезінде жұмыссыздар саны көбейіп, сәйкесінше, келушілер саны да артқан. Бір мезгілде жүзден аса адамның қызмет алу үшін кезекте тұруы тиімсіз болды дейді. Бұл мәселені оңтайлы шешу үшін шаһар билігі қалалық Цифрландыру басқармасына жаңа жобаны жүзеге асыруды тапсырған. 3 тамыздан бастап іске қосылған бағдарламаға 8 мыңнан аса қала тұрғыны тіркеліп үлгеріпті.
«Бір сағатта 30 адамға дейін қабылдаймыз. Қалған 31-ден 60-қа дейін, яғни күніне бір сағат ішінде 180 адамға дейін қабылдаймыз. Бұл форматтағы қабылдауды жаңартып жатыр. Цифрландыру басқармасы арқылы күнде келіп жатқан жұмыс іздеушілердің талаптарына сай өзгерістер енгізіліп жатыр», – деді қалалық жұмыспен қамту орталығының бөлім басшысы Әділет Жаңабаев
Бастапқыда, көпшілік білмегенімен, мамандар бұл бағдарлама туралы әлеуметтік желіде және келушілерге түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Ал, интернеті немесе ұялы телефондары жоқ тұрғындарға орталықтың мамандары сол жерде тіркелуге көмектеседі. Бастысы, кез келген қала тұрғыны мұнда келу үшін онлайн тіркелуі міндетті.
Жұмыспен қамту орталығына келіп, қызмет алу үшін ұялы телефон арқылы Almaturn.kz сілтемесіне өту қажет. Сол жерде тіркелу батырмасын басып, онда көрсетілген аты-жөні, телефон нөмірі, электронды поштаның мекен-жайы, сондай-ақ, құпия сөз жазылуы керек. Ары қарай келесі бетке өтіп, тұрғындар өздеріне ыңғайлы күнді және уақытты таңдай алады. Осылай белгіленген мерзімде жұмыс іздеген адам орталыққа келіп, ешқандай кезекке тұрмай-ақ қызмет алуына болады.
Қазіргі уақытта жұмыспен қамту орталығында қызмет көрсететін 13 маман QR-код жүйесі арқылы онлайн тіркелген бір адамды 20 минут қабылдайды. Осылай, тұмау маусымы басталған уақытта мекемеге келушілер санын азайту арқылы қауіпті вирустың алдын алып жатырмыз дейді мамандар.
«Онлайн QR-код жүйесі арқылы қазір қызмет алушы азаматтардың санын 120-ға дейін оңтайландыруға мүмкіндік туды. Әсіресе, бұл пандемия кезінде өте қолайлы шешім болып табылды және де қосымша білім басқармасы мен денсаулық басқармасымен бірлесе отырып, жаңа жобаларды жүзеге асыру қазір жоспарда бар», – деді қалалық Цифрландыру басқармасының бас маманы Арын Амантай.
Бағдарлама жақында ғана іске қосылғандықтан, әзірге тек бір тілде қызмет алуға болады екен. Қазіргі таңда қосымша толықтырылып жасалып жатыр.
Аяулым Көлжігіт, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы