Алматы қаласы әкімінің жанынан Көлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі кеңес құрылды

17.06.2021 22:19

Кеңес құрамына осы саланың сарапшылары, белсенді қоғамшылар және кәсіпорындардың басшылары енді

kazlenta.kz


Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Кеңестің бірінші отырысында қоғамдық көліктердің жұмысы, жол инфрақұрылымының қауіпсіздігі және веложолақтарды ұйымдастырудың өзекті мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Мегаполис әкімі Б. Сағынтаев Кеңестің қаланың көлік инфрақұрылымын дамыту және Vision Zero Almaty тұжырымдамасы аясында жол қауіпсіздігін қамтамасыз етудің өзекті мәселелері бойынша нақтылы шешімдерді талқылау және қабылдаудың диалог алаңына айналатынын атап өтті. Кеңес құрамына осы саланың сарапшылары, белсенді қоғамшылар және кәсіпорындардың басшылары енді.

Кеңес қаланың көлік инфрақұрылымын жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлейді әрі олардың жүзеге асуына мониторинг жүргізеді және баға береді, оның ішінде көлік саласындағы МЖӘ жобаларын бақылайды, сондай-ақ көлік саласында туындаған қоғамдық мәселелер бойынша консультативті көмек көрсетеді.

Б. Сағынтаев Кеңес мүшелері әрқайсысының жолаушылар тасымалының сапасын арттыруға, жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне және қаланың көлік жүйесін дамытудың кешенді жоспарын жетілдіруге өз үлестерін қосатынындарына сенім білдірді.

Алғашқы кездесу барысында жолаушылар тасымалының сапасы, жол инфрақұрылымының қауіпсіздік стандарттарына сәйкестігі, Алматының Бас жоспарындағы көлік бөлімінің мәртебесі туралы мәселелер көтерілді. Сәтбаев көшесі бойымен Щепетков көшесінен Манас көшесіне дейінгі велосипед қозғалысын ұйымдастыру жобасы жеке қаралды.