Алматының Алмалы ауданында есірткі қылмысына қарсы акция өтті

12.03.2021 22:21

Шара қалалық және Алмалы ауданы әкімдігі қолдауымен, сондай-ақ есірткіге қарсы күрес басқармасы мен Алмалы аудандық полиция басқармасының және еріктілер мен үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен өтті

«Есірткісіз Алматы, есірткіге жол жоқ». Бүгін осындай атаумен республикалық «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық апталығы аясында, Алмалы ауданында есірткі қылмысына қарсы акция ұйымдастырылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Шара қалалық және Алмалы ауданы әкімдігі қолдауымен, сондай-ақ есірткіге қарсы күрес басқармасы мен Алмалы аудандық полиция басқармасының және еріктілер мен үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен өтті. 

«Өткізіп жатқан акциямыздың ең басты мақсаты бұл біздің өсіп келе жатқан жастарымызды дұрыс жолға салу деп ойлаймын. Тек қана бұл жарнамаларды өшіру емес, қоғамдық көліктерде және аялдамаларда, басқа да қоғамдық ұйымдарда осы есірткінің қандай заңсыз екенін, есірткінің қолдануға болмайтындығын түсіндіру», – деді Алмалы аудандық полиция басқармасының бастығы Есен Ысқақов.

Акция аясында тұрғын үйлер, гараждар мен әкімшілік нысандардың қабырғаларына жазылған есірткіні насихаттайтын трафареттер мен граффитилер боялды. Сондай-ақ, жаман әдеттерге теріс көзқарас қалыптастыру мақсатында - қала тұрғындарына ақпараттық парақтар мен маскалар таратылды. 

«Мен бұл жұмысқа өз еркіммен келіп отырмын. Және алдағы уақытта да атсалысатын боламын. Есірткі жастардың болашағына балта шабатынын түсіну керек», – деді «Қазақстан Еріктілер Лигасының» еріктісі Мади Нұржау.