Халық қатысатын бюджет: Алмалы ауданында тұрғындардан 42 өтінім келіп түскен

14.11.2022 22:21

Жергілікті әкімдік өкілдері жобаны бастамас бұрын тұрғындардың талап-тілегін тыңдайды

Almaty.tv

Алматының Алмалы ауданында биыл тұрғындардан 42 ауланы абаттандыруға өтінім келіп түскен. Тізімдегі мекен-жайлардың басым көпшілігі біраз жылдан бері жөндеу көрмепті. Ескі тұрғын үй аулаларына жергілікті әкімдік соңғы жылдары көңіл бөле бастаған. Нәтижесінде балалар ойнайтын алаңдар мен скверлер орнатылып, жарық бағандары пайда болды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұл – Шагабуддин мен Чайковский көшелері бойында орналасқан тұғын үй аумағы. Алмалы ауданына қарасты мекен жайда биыл құрылыс қарқынды жүрді. Спорт құрылғылары орнатылып, алаңдарға резеңке жабын төселді. Балалар ойнайтын аулалар шарбақтармен қоршалды. Десе де мұның бәрі жергілікті әкімдіктің жылдағы жоспарлы жұмысы. Бұдан бөлек, ауданда «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында да шаруа жасалды.

«Биыл бізде 42 ауланың ішінен 5 аула таңдалып алынып, күрделі жұмыстан өткізілді. Сондай-ақ «Халықтың бюджетке қатысу» бағдарламасы арқылы 21 аулаға жұмыс жүргізіліп, тұрғындар өздерінің ризашылығын білдіріп жатыр», –деді Алмалы ауданы коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Руслан Айтанов.

Осылайша айнала жаңаша түрленіп, бос жатқан жерлердің көркі келісті. Балалар мен егде жастағы зейнеткерлер қуанышында шек жоқ. Жергілікті әкімдік өкілдері жобаны бастамас бұрын тұрғындардың талап-тілегін тыңдайды. Тиісінше орындықтар мен балалар алаңы көпшіліктің талғамына қарай орнатылған.

«Чайковский көшесінде тұрғанымызға 48 жыл болды. Сол уақыттан бері ауламызда тек балалар алаңы болатын. Қазір далаға шыққанда демалатындай жағдай жасап берді», – деді Алмалы ауданының тұрғыны Кенжетай Барақбаева.

«Ауланы абаттандыру жұмыстарының тұрғындармен кеңесе отырып жүргізілгені қуантады. Бәріміз көршілер болып шығып, демалып серуен құруымыз үшін қажетті дүниемізді айтамыз. Аудан әкімдігі сол жоспар бойынша жұмыс жүргізеді», – деді Алмалы ауданының тұрғыны Елена Вавулиди.

Жауаптылар мұндай жұмыстардың келер жылы да жалғасатынын айтты. Жалпы тұрғындар тарапынан биыл 42 жобаға өтінім келіп түссе, соның бесеуі аяқталды. Қалған 37 жоба алдағы жылға жоспарланған.

Ұлағат Арғын, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы