Алматыда «Парасат жолы» орталығы жұмысын бастады

19.02.2021 22:22

Мұнда алдағы уақытта ақын-жазушылармен, ғалымдармен, мемлекет және қоғам қайраткерлерімен кездесулер өтеді

Ұлттық кітапханада «Парасат жолы» орталығы өз жұмысын бастады. Жас өрендерге арналған жобаға қалалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің «Адалдық алаңы» кеңсесі бастамашы болған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Орталық, парасаттылық пен әділдік, ізгілік пен даналықтың ордасына айналмақ. Мұнда алдағы уақытта ақын-жазушылармен, ғалымдармен, мемлекет және қоғам қайраткерлерімен кездесулер өтеді. Сондай-ақ, қоғамда болып жатқан мәселелер талқыға түсіп, түрлі тақырыпта семинар-тренингтер болады. 

«Бүгінгі шараның маңызы баршамыз үшін ерекше. Себебі, жастар арасында осы арқылы парасаттылық идеологиясын насихаттағымыз келеді. Орталықтың мақсаты да осы. Адалдық, әділеттілік, қағидаттарын қалыптастыруға сондай-ақ, ұлттық мәдениет пен руханият құндылықтарын қоғамда ілгерілетуге бағытталған жоба», – деді қалалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары Данияр Таумұрат.