Алматыда су жаңа 4 мың компьютер мектептерге үлестірілді

04.09.2020 22:36

40 мыңнан астам отбасы компьютермен қамтылды

almaty.tv

Алматыда су жаңа 4 мың компьютер мектептерге үлестірілді. Мемлекет резервінен қалаға 28 мың дана техника бөлінсе, бүгін соның кезекті топтамасы келіп жетті. Сөйтіп қазір қаладағы 40 мыңнан астам отбасы компьютермен қамтылып отыр. Тағы қанша оқушыға техника керек? Бұл құралдар қайтарымсыз түрде беріле ме? Almaty.tv тілшісі Назкен Еркін толықтырсын.

Алматыға мемлекет резервінің есебінен 28 мың компьютер бөлінген. Бүгін соның 4 мың данасы қоймаға жетті. Келген техникаларды білім басқармасы мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің өкілдері, қоғамдық бақылау мамандары қабылдап алды. Ноутбуктар қаладағы барлық мектепке үлестіріледі. Жалпы бұған дейін компьютерге мұқтаж 75 мың отбасы болған.

«Бізде тамыз айынан бастап компьютермен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды басталған болатын Алматы қаласында. Шамамен бүгінгі таңда 40 мыңға жуық компьютер таратылып берілді. Ол ноутбук, компьютер, планшеттер. Жергілікті бюджеттен 11 мың техникаға қаржы бөлінген болатын. Сонымен қатар, мектептер өз қаржысына 10 мыңға жуық ноутбук сатып алды», – деді қалалық Білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева.

Оқу құралдарының бір бөлігі №76 жалпы білім беретін мектепке де келді. Бұл білім ордасына ноутбуктың 125 данасы тиді.

Міне, мынадай компьютерлік техникаларды бүгіннен бастап осы мектептің оқушылары қолдана бастайды. Қазына қаржысына алынған бір компьютердің бағасы 161 мың теңгеден аспауы керек екен. Компьютерлер балаларға біржола беріле салмайды. Қашықтан оқу режимі аяқталғаннан кейін техниканың барлығы мектепке қайтарылуы керек.

Сол үшін де ата-ана мен мектеп арасында арнайы келісім-шарт та жасалады. Егер компьютер бұзылып, бір жеріне ақау келетін болса онда оған ата-ана жауапты болады. Баланың тарықпай білім алуын ойлайтын ата-аналар берілген дүниені ұқыпты ұстауға тырысамыз дейді.

«Енді қайтып қайтару керек. Ұқыпты ұстаймыз, әрине. Сындырып алмауға, дұрыстап пайданалуға. Компьютеріміз болған жоқ. Біз телефонмен оқыдық. Телефонмен оқу өте қиын үйде үш бала оқиды. Бір телефонмен қиын болып жатыр. Сондықтан біз компьютер алуға өтініш жасап, мектеп директоры бізге компьютер берді», – деді ата-ана Айман Көшербаева.

Барынша ашық болуы үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті мен қоғамдық бақылау өкілдері де үлестіру жұмыстарының басы-қасында болды.

«Жеткізушілер жаңа ноутбуктардың жұмысына үш жылға дейін кепілдік берілетіндігін айтты, яғни егер бұзылып қалған жағдайда оны тегін жөндету мүмкіндігі бар. Ноутбук алатын ата-ана өтініш жазуы керек. Біз өз тарапымыздан компьютерлердің нағыз керек деген отбасыларға берілуін бақылаймыз», – деді Республикалық қоғамдық бақылаудың үйлестірушісі Саида Тәукелова.

Ноутбуктар барлық талаптарға сай, онлайн оқытуда қиындық тудырмайды дейді мамандар. Олар мұқтаж және үйінде компьютері жоқ жанұяларға берілмек. Жауаптылар 15 қыркүйекке дейін балалар толығымен техникамен қамтылады деді.

Назкен Еркін, Ғани Қалуов, «Алматы» арнасы