Алматы Мәслихатының депутаттары 5 маусымда референдум өткізу туралы Президенттің шешімін талқылап, Мемлекет басшысының бұл бастамасына бірыңғай қолдау білдірді
Бүгін Мәслихаттың кезектен тыс XIX сессиясында Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің құрамы бекітілді. Сайлауға 200-ге жуық адам қатысты. Қоғамдық кеңес құрамына сайлауды әрбір кандидатпен әңгімелесу ұйымдастырған жұмыс тобы өткізді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алматы қалалық Мәслихаты республикада алғаш рет Қоғамдық кеңеске сайлауды интерактивті түрде өткізді. Ашықтық пен транспаренттілікті қамтамасыз ету үшін Қоғамдық кеңесті қалыптастыру жөніндегі жұмыс тобының барлық әңгімесі мен отырысы Almaty.tv YouTube арнасында және Мәслихатының YouTube, Aitube арналарында тікелей эфирде көрсетілді. Сонымен қатар жұмыс тобының барлық отырысына және әңгімелесулерге тәуелсіз байқаушылар қатысты.
Жалпы, III шақырылымдағы Қоғамдық кеңестің жаңа құрамы 60% - дан астамға жаңарды. Жаңа құрамның сапалық талдауы келесідей: Қоғамдық кеңес мүшелерінің орташа жасы 11 жасқа жасарды, яғни 47 жасқа дейін. Бұрынғы шақырылыммен салыстырғанда жастар саны 5,1-ден 25,7% - ға дейін, ал әйелдердің үлесі 33,3% - ға дейін өсті. Жалпы, кеңестің негізі ҮЕҰ мен БАҚ өкілдерінен тұрады, олардың саны кеңес мүшелерінің жалпы санының жартысынан астамын құрады, сондай-ақ білім беру саласы өкілдерінің үлесі артты. Бұдан басқа, Қоғамдық кеңестің жаңа құрамына көп балалы аналар мен қандастар енді.
Жаңартылған құрамға барлығы 39 адам кірді, олардың 36-сы азаматтық қоғам өкілдері. Заңнамаға сәйкес мемлекеттік органдар өкілдері мүшелерінің саны 1/3 құрауы мүмкін, бұл ретте азаматтық сектор мен жұртшылық өкілдері үшін квотаны 36 адамға дейін кеңейту туралы шешім қабылданды.
Жаңа Қоғамдық кеңес пен резервтің құрамы қалалық Мәслихаттың сайтына орналастырылады.
Сондай-ақ сессия барысында депутаттар мегаполистің Алатау, Бостандық және Медеу аудандарының көшелеріне мәдениет пен ғылым саласындағы көрнекті қайраткерлердің, Қазақстанның дамуына және шетелдегі отандастарымызды қолдауға үлес қосқан мемлекет қайраткерлерінің есімдерін беруді бекітті.
Олардың арасында Олимпиада ойындарының алғашқы қазақ чемпионы Жақсылық Үшкемпіров, композитор Қаршыға Ахмедиярұлы, академик және композитор Ғазиза Ахметқызы, Қазақ КСР Халық әртісі Роза Үмбетқызы, ақын және публицист Мәшһүр Жүсіп, археолог, этнолог және шығыстанушы Лев Гумилев және басқа да көрнекті қайраткерлер бар. Сондай-ақ, көшелердің бірінің атауы ХХ ғасырдың ортасында Түркияға қоныс аударған отандастарымызға өз қызметі кезінде көмек көрсеткен көрнекті саясаткер және Түркияның экс-премьер-министрі Аднан Мендереске берілді.
Аталған көшелер "Нұркент", "Ерменсай", "Нұр Алатау", "Нұрлытау" және "Алатау" шағынаудандарында орналасқан.
Сондай-ақ Алматы Мәслихатының депутаттары 5 маусымда референдум өткізу туралы Президенттің шешімін талқылап, Мемлекет басшысының бұл бастамасына бірыңғай қолдау білдірді.
Сонымен қатар, сессияға Алматы қаласының халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі өңірлік комиссиясының құрамына өзгерістер енгізілді. Комиссияның міндеттері халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік саясатты тиімді іске асыруды қамтамасыз ету болып табылады.