Алатау ауданында 16 көше жөнделді

12.12.2023 01:24

Жобаға жергілікті бюджеттен 2,7 миллиард теңге бөлінген

Almaty.tv

Жеті жылдан бері тұралап қалған шаруа небәрі 7 айда аяқталды. Бұған дейін жаңбыр жауса лай-батпақтан, ыстық түссе шаң-тозаңнан көз ашпаған Алатау ауданының халқы қазір тақтайдай тегіс жолмен жүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Лай батпақ, шұрық-тесік жол. Бұл – Алатау ауданындағы 14-аумақ шағынауданының 4 жыл бұрынғы көрінісі. Инженерлік құбырлар 1960 жылы салынғандықтан әбден тозып кеткен. Жаңа желілерді жүргізу жұмысын қолға алған жосықсыз мердігер шаруаны орта белден тастап кеткен. Істің сотта ақ-қарасы анықталғанша 7 жыл өтіп, жергілікті жұрт өркениеттен ада күй кешкен. Биыл көктемде аудан халқының базынасын естіген қала әкімі Ерболат Досаев шаруаны шұғыл түрде жыл соңына дейін бітіруді тапсырған еді. Қазір атқарылған жұмысқа халық дән риза.  

– Өскемен көшесінің бойында екі балабақша мен мектеп бар. Оған халық келе алмайды. Жұмысшыларды «айналайындар, тездетіңдерші» деп асықтырып қоятынмын. Шайын қойып, солардың тілегін тілеп, денсаулығына қарап жүрдім. Дәрігермін, – дейді Алатау ауданының тұрғыны Алуаш Әбілтайқызы.

– Қар мен жаңбыр жауғанда көше батпақ болып жататын. Бір жерге бару үшін аяғымызға пакет киіп шығатынбыз. Ал жазда шаң-тозаңға тұншығатынбыз. Тіпті әйелім шаңнан астма ауруына шалдыға жаздады. Қазір жол жасалды. Игілігін көреміз деп сенемін, – деді Алатау ауданының тұрғыны Дмитрий Войташенко.

Қазір мұнда 16 көше жөндеуден өткен. Жолдарға асфальт жабындысы екі қабат етіп төселіп, тақтайдай тегістелген. Ескірген кәріз бен су желілері толық ауыстырылыпты. Тіпті тұрғындар жөнделген жолды қайта бұзбауы үшін әр үйдің ауласына дейін құбыр тартылған.  

– Біріншіден, көшелер өте тар. Әр көшеде ескі су құбыры бар. Кедергілер қиындық тудырды. Бірақ жұмыс түгел аяқталды. 7,5 шақырым кәріз желісі салынды және 7,5 шақырым су желісі салынды, – деді Алатау ауданы әкімі аппараты коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Қуатбек Мақашев.

Айта кетейік, бұл жобаға жергілікті бюджеттен 2,7 миллиард теңге бөлініп, жұмыс 1 маусымда басталған. Келісім бойынша, шаруа 25 желтоқсанда аяқталуы тиіс еді. Алайда мердігер жұмысты мерзімінен бұрын бітіреді.  Сондай-ақ компания әлеуметтік жағдайы нашар отбасылар мен зейнеткерлерге көмек ретінде ауладағы құбырды 9 үйдің ішіне тегін кіргізіп берген.  

– Мақсат – инженерлік желілерде авариялық жағдайдың алдын алу. Су құбырларын жаппай, тәуекелге бел буып, қасына кәріз желісін жүргіздік. Алатау ауданы әкімдігі шаруаны мінсіз жасап, уақытылы аяқтауды тапсырды. Сондықтан кейбір аумақты абаттандырып, жаяу жүргіншілер жолын да салдық, – деді Мердігер компанияның жобаларын үйлестіруші Сергей Ковалёв

Жолдардан бөлек, шағынауданның сәнін кіргізген балалар алаңы да бой көтерген. Қазір құдық орнату жұмысы ғана қалды. Кейін құбырлар гидравликалық сынақтан өткен соң халық инженерлік желімен қамтылмақ. Ал алдағы уақытта аудан әкімдігі жарықтандыру мәселесін қолға алмақ.  

Аяулым Көлжігіт, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматының коммуналдық қызметі күшейтілген жұмыс жүйесіне көшті