Өткен ғасырда салынған балалар алаңы: Жетісу-2 ықшамауданы тұрғындары қала әкімінен көмек сұрады

almaty.tv
almaty.tv
Тозығы жеткен темір әткеншектерге ата-аналар балаларын ойнатпайды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Өткен ғасырда салынған балалар алаңы қашан реттеледі? Осы сұрақ Жетісу-2 ықшамауданы тұрғындарын бірнеше жылдан бері мазалап келеді. Тозығы жеткен темір әткеншектерге ата-аналар балаларын ойнатпайды екен. Одан өзге ондағы пәтер иелері кооперативінің жұмысы салғырт көрінеді. Аптасына үш күн демалатын кооператив апталап ауланы тазаламайды. Almaty.tv тілшісі Арнат Дүйсен жетісулықтармен тілдесіп қайтты.

Бұл – Жетісу-2 ықшамауданы тұрғындарының жанайқайы. Сөздерінше, пәтер иелері коперативі жұмыс істеуден қалған. Ауланы тазалау жұмыстары тұрғындар көңілінен шықпайды екен.

«Біздің басты проблемамыз осы пәтер иелері кооперативі. Олар өз міндетін дұрыс атқармайды. Жұмыстарына бейжай қарайды. Күн сайын көз алдымызда ауламыздың тозып бара жатқаны көңілімізге қаю түсіреді», – деді қала тұрғыны Павел Киселев.

Десе де бүгін аудан әкімі келеді деген соң ба? Таң атпастан жердің шаңын шығарып мұнтаздай етіп тазалауға кірісті. Олардың қатарында әкімдік өкілдері де бар. Әуезов ауданы әкімі келе сала пәтер иелері кооперативінің жұмысына көңілі толмайтын тұрғындарға одан бас тартып, меншік иелерінің қауымдастығы құруды ұсынды. Ал, тұрғындар пәтер иелері кооперативінің қызметін өзіміз де атқара аламыз деп олармен жұмыс істеуді доғармақшы.      

Өткен ғасырдың 90-шы жылдары салынған бұл алаңда қазір ешқандай бала ойнамайды. Себебі ата-аналар өз балаларының денсаулығы үшін алаңдайды. Мына тозығы жеткен темірлерден құлап, бастарын жарып, аяқтарын жарақаттап алады ма деп қорқады олар.

Жетісулықтардың тағы бір мәселесі осы. Ескірген балалар алаңқайы. Соңғы рет онда қашан жөндеу жүргізілгені тіпті бұрыннан тұрып келе жатқан тұрғындардың да есінде жоқ. Биылғы жылы ауданда жөндеуден өткен 205 аула қатарында біз неге жоқпыз деп налыйды. Бұл мәселе «Алматы» арнасындағы «Аkimat kive» бағдарламасында да тілге тиек етілді.    

«Аким района завтра приедет к вам во двор и встретится с жителями. Если двор не включен в нашу программу, то по вашему двору мы рассмотрим решение вопроса дополнительно», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Шаһар басшысы айтқан Әуезов ауданы әкімі Жетісу-2 ықшамауданы 57-үйдің тұрғындарымен бүгін кездесті. Сайран Сайфеденовтың сөзінше, аудан бойынша 250 ауланы толықтай жөндеуге жобалық-сметалық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ал, құрылыс келесі жылы басталмақ.

«Қазіргі уақытта топографиялық түсіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. 10 күннен кейін біз тұрғындармен қайта кездесіп, ауланы қалай салу керектігін бірге ақылдасатын боламыз және қазан айында жобалық-сметалық құжатты экспертизаға жібереміз», – деді жобалау компаниясының өкілі Мирхат Отаров.

Осылайша биыл күзде Жетісу-2 ықшамауданы тұрғындары қалауына қарай жоба жасалып, келесі ауланың құрылысы басталатын болды. Аудан әкімі осылай деп уәде етті.

Арнат Дүйсен, Мұрат Тайжанов, «Алматы» арнасы


Новости партнеров