Қала әкімінің міндетін атқарушы жылумен қамтамасыз ету мәселесі жеке бақылауында екенін айтты
Алматыда Екібастұздағы жағдай қайталанбайды. Бұл туралы бүгін Түрксіб ауданы халқымен кездесіп, есеп берген Ерболат Досаев мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Өз сөзінде қала әкімінің міндетін атқарушы тұрғындарды жылумен қамтамасыз ету мәселесі оның жеке бақылауында екенін айтып, энергетика жүйесіне қосымша тексерулер жүргізілетінін жеткізді.
Түрксіб ауданында инженерлік желіге қатысты мәселе шешімін тауып келеді. Мәселен 9 айдың ішінде 4 көшенің 11 шақырым су құбыры мен кәріз желілері қалпына келтіріліп, мың үй орталық су желісіне қосылған. Бұл шаруа Жас Қанат, Шуақты, Нижняя пятилетка шағынауданында да жүзеге асып, 71 шақырымнан аса желі салынған. Сондай-ақ электр желілерін жаңғырту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Жалпы жыл соңына дейін ауданның 90 пайызы жарықпен толық қамтамасыз етіледі.
«Жылдың соңына дейін Шуақты шағынауданындағы 5,5 шақырым ескі электр желілерін жаңғырту жұмыстары аяқталады. 2023 жылдың басында дәл осындай шаруа Әлмерек және Қайрат шағынаудандарында басталады. Қайрат, Нұршашқан шағынаудандарында 2 400-ден аса абонентті үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін «Тұздыбастау» қосалқы стансасы салынып жатыр. Жұмыс келесі жылы маусымда аяқталады деп жоспарланып отыр», – деді Алматы қаласы әкімінің м.а. Ерболат Досаев.
Биыл ауданда ұзындығы 9 шақырым 17 көшеге жөндеу жүргізіліп, 11 көшеге 9 шақырым тротуар салынған. Халықтың қоғамдық көліктермен қатынауын жеңілдету мақсатында рейстер саны көбейіп, 4 бағытта 39 автобус жаңартылыпты. Бұдан бөлек, білім мекемелеріндегі орын тапшылығын жою үшін желтоқсан айында №59 мектеп-гиманзия жанынан 900 балаға арналған қосымша құрылыс салынбақ. Сондай-ақ Түрксібтің 2 шағынауданында дәрігерлік амбулатория ашылады. Бұл емханаға түсетін жүктемені азайтпақ.
«Биыл желтоқсан айында Нұршашқан шағынауданында бір ауысымда 100 адамды қабылдайтын дәрігерлік амбулаторияның құрылысы басталады. Сондай-ақ 2023 жылдың бірінші тоқсанында Айбасов көшесінде бір ауысымда 200 адамды қабылдайтын дәрігерлік амбулатория салу жоспарланған. Қайрат шағынауданында 340 келушіге арналған емхана құрылысының жобалау-сметалық құжаттамасы 2023 жылдың екінші тоқсанында мемлекеттік сараптамадан өтеді», – деді Алматы қаласы әкімінің м.а. Ерболат Досаев.
Аудан халқы үшін жайлы қалалық орта қалыптастыру жұмыстары да жалғасып жатыр. Жыл басынан бері 800 апатты ағаш кесіліп, 7 мыңға жуық жас көшет отырғызылыпты. Аумағы 46 гектардан асатын 2 ауқымды саябақ абаттандырылған. Ал желтоқсанның соңына дейін «Кіші Алматы» өзенінің арнасын кеңейту, тереңдету жұмыстары аяқталады.
«Қазіргі уақытта төтенше жағдай желісі бойынша су басатын ұзындығы 3,8 шақырым 11 учаскені жою үшін жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бүгін 4 мекенжай бойынша жұмыстар аяқталды. 7 учаскеде желтоқсан айының соңына дейін жұмысты бітіреміз. Сондай-ақ жыл соңына қарай Алматы-1 коллекторын қалпына келтіру жұмысы аяқталады. Ол Зорге көшесіндегі жаңбыр суларын ағызып әкетуді қамтамасыз етеді», – деді Алматы қаласы әкімінің м.а. Ерболат Досаев..
Ал «Халық қатысатын бюджет» бағдарлама шеңберінде биыл 28 жоба жүзеге асқан. Игі бастама арқылы 10 балалар және спорт алаңы салынып, 14 аумақ абаттандырылды. Ал келесі жылға 24 жоба таңдап алыныпты. Аяулым Көлжігіт, Алмат Ілиясов, «Алматы» телеарнасы.