Акция жергілікті тұрғындармен бірге, Қазақстан жұлдыздарының да басын қосты
Бүгін Наурызбай ауданында «Қалқаман» және «Ақжар» скверіне 600 көшет отырғызылды. Іс-шара «Алматы – бақ қала» акциясы аясында өтті. Бұл «Таза Қазақстан» республикалық акциясы мен «Алматы – біздің ортақ үйіміз» қалалық науқанының маңызды іс-шараларының бірі болып табылады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Акция жергілікті тұрғындармен бірге, Қазақстан жұлдыздарының да басын қосты. Олар 350 алма және 250 бұта көшетін отырғызды.
Күнтуған Сұлтан, Есет Сәдуақасов, Елдар Ташкенбай сияқты еңбек сіңірген қайраткерлер мен әншілер, сондай-ақ қоғамдық ұйымдардың өкілдері, кәсіпкерлер, соның ішінде Каркенова Мәдениет, Сана Жандай, Гүлзада Райысова, Дмитрий Дреев, Асхат Әбдіксім, Дидар Шажалиев және Жанна Тілебаева «Алматы – бақ қала» экологиялық акциясын қолдауға жиналды. Олардың бір кісідей қолдауы табиғатты қорғау мен қалада жасыл кеңістіктер құрудағы талпыныстың, бірліктің жарқын мысалы болып табылады.
- Бұл іс-шаралар қаламызды әдемі әрі жайлы етумен қатар, қоғамдастықтың бірлігі мен ынтымақтастығына ықпал етеді. Қоқысты бірге тазалап, саябақтар мен көшелерді көркейткенде, біз қоршаған ортаға ғана емес, сонымен бірге ортақ үйімізге – өзіміз өмір сүріп жатқан қалаға қамқорлық жасаймыз. Осындай іс-шараларға қолдау көрсетуді жалғастырайық және таза әрі жайлы кеңістік құруға үлес қосайық, - деді Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Сана Жандай.
- Бүгін мен де «Алматы - біздің ортақ үйіміз» науқаны аясында өтіп жатқан «Алматы – бақ қала» акциясына қатысуға бел будым. Қаламыз жыл сайын гүлдене берсін!,- деп белгілі әнші, еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Есет Сәдуақасов қаланың бастамасын қолдады.
- Қаламыз ежелден алманың Отаны ретінде танылғанына қарамастан, Алматы тұрғындары «алма қаласы» атануына септігін тигізген алма бақтарының қандай болатынын ұмыта бастады. Алайда «Алматы – бақ қала» акциясы мен бірлескен күш-жігердің арқасында сүйікті қаламыздың бұрынғы даңқын жаңғырта аламыз деп сенемін,- деді аудан тұрғындарының бірі.
- Алма көшетін егетінін естігенде, қатты қуандым. Бұл шынымен де жақсы идея. Енді бұл ағаштарға күтім жасау керек. Мен жақын маңда тұрамын. Сондықтан талдарды суаруды, ағаштың тамыр жайғанына көз жеткізуді жоспарлап отырмын,- деді мектеп оқушысы Әділ Сағатбек.
Отырғызылған ағаштарды күтіп-баптау толығымен мердігерлік ұйымға жүктеледі. Жыл бойы олар ағаштарға күтім жасап, суарып, тыңайтқышты және магистральдық шеңберлерді аэрациялайды. Соған сәйкес, барлық ағаш кепілдікке тұр және жыл сайын тамырланып кетуі тексеріледі. Көшет қурап қалған жағдайда мердігер ұйым кепілдік міндеттемелеріне сәйкес жаңасын отырғызады.