Алматының Жетісу ауданында 43 жыл бұрын салынған құбыр жаңғыртылып жатыр. Инфрақұрылымдық жоба аясында жүзеге асып жатқан жұмысты мегаполис әкімі тексерді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұл жылу магистралі 1981 жылы қолданысқа берілген. Құбыр 344 көппәтерлі тұрғын үй, 11 мектеп, 3 денсаулық сақтау мекемесін және өзге де 483 нысанды жылумен және ыстық сумен қамтамасыз етеді. Қала әкімінің тапсырмасы аясында былтыр 6 метрге жуық жылу магистралін ауыстыру бойынша 3 жылдық жоба басталған. Айнабұлақ-2 шағынауданынан Павлодар көшесіне дейінгі аумақта 2 шақырымнан астам құбыр қайта жаңартылып жатыр.
– Жұмыс 2022 жылы қазанда басталған. Жоба қыркүйекте аяқталады. Бәрі жоспар бойынша жасалып жатыр. Жылу маусымына дайын болуымыз қажет, – деді «Алматы жылу желілері» ЖШС техникалық директоры Әлжан Темірхан.
Сондай-ақ қала басшысы Жетісу ауданына жұмыс сапары барысында № 103 мектеп-гимназиясы жанындағы қосалқы нысанның құрылысымен танысты. 600 орындық оқу ошағында қазір 1300-ге жуық бала білім алады. Ал мектепті сейсмикалық күшейту және күрделі жөндеу тек 16 жыл бұрын жүргізілген. Шаһар басшысы Ерболат Досаев аудандағы оқушы орны тапшылығын азайтуға көмектесетін 200 балаға арналған қосымша құрылысты бастауды тапсырған болатын.
– Мектепті жаңғырту жұмыстары былтыр шілдеде басталды. Оқушылар 3 мектепке қатынап оқыды. Нысанның дайындығы 80-85 пайызды құрайды. Атқарылып жатқан жұмыстың аясында жаңа спорт залы, асхана мен 8 оқу кабинеті салынды, – деді №103 мектеп-гимназиясының директоры Айгүл Өмірзақова.
Қала әкімі мектептің заманауи жабдықтарына және мектеп жиһазының ыңғайлылығына ерекше назар аудара отырып, жаңа оқу жылы басталғанға дейін құрылыс жұмысын аяқтауды тапсырды.
Айта кетейік, Жетісу ауданында 21 мектеп, ал қала бойынша 215 мемлекеттік мектеп жұмыс істейді. Ал жаңа оқу жылында шаһарда 6 білім ошағы қолданысқа беріледі.
Гүлмарал Изатқызы, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Алматыда 1963 жылы салынған мектеп жанынан 200 орындық қосалқы нысан салынады