Ескі үйлерді сүру, аулаларды жөндеу, ауыз су мен жарық: С. Сайфеденов көпшілікті алаңдатқан сұрақтарға тұшымды жауап берді

04.02.2021 00:02

Әуезов ауданы әкімі есептік кездесуін өткен жылды қорытындылаумен бастады

Almaty.tv

Әуезов ауданында ескі үйлерді сүру күн тәртібінде тұрған негізгі мәселе. Одан бөлек, жол жиегіне тротуар салу, тозған лифттілерді жөндеу де кезек күттірмей шешілуі керек. Бүгін халық алдында тікелей эфирде есеп берген аудан әкімі Сайран Тәпенұлы үш сағат бойы көпшілікті алаңдатқан сұрақтарға тұшымды жауап берді. Одан бөлек, ауыз су мен жарықтандыру сынды әлеуметтік мәселелер де тыс қалған жоқ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Сайран Сайфеденов есептік кездесуін өткен жылды қорытындылаумен бастады. Сан салада атқарылған жұмыс көлемі аз емес. Арық жүйесі, жарықтандыру мен инженерлік желілердің жаңарғанын айтты. Десе де ауданда көпшілікті толғантқан сұрақтар әлі де бар.  

«Мамыр» ықшамауданы. Оразбаев. 2 жыл бұрын 8-үй мен 13-үйдің ортасында саябақ жасаған. Бірақ ішінде жарық жоқ. Тротуар жоқ. Соны қарап берсеңіз», – деді Әуезов ауданының тұрғыны Әділбек Оразбаев.

Әуезов ауданы тұрғыны айтқан мекенжайға түсірілім тобымызбен келдік. Тұрғындар аялдамаға бару үшін мына жолмен жүріп өтеді. Өздеріңіз көргендей, мұнда тротуар есебінде жол бар, бірақ тозғанын көріп тұрмыз. Мұнымен мәселе бітпек емес. Тұрғынның айтуынша, жарық шамдардың жоқтығы. Таңертең және кешкісін қараңғы болады екен.  

«Бұл сұрақ фейзбукке келіп түсті. Өткен жылы бюджетке қатысу жобасы аясында бірнеше жоба жүргізілді. Аулаларды абаттандыру осы жоба арқылы жүзеге асады. Алдағы уақытта осы жобамен өтініш қалдырсаңыздар, қарастыруға болады», – деді Әуезов ауданының әкімі Сайран Сайфеденов.

Тұрғындарды алаңдатқан тағы бір мәселе – ескі үйлерді сүру. Ауданда бұл санатқа жататын 94 үй бар. Өткен жылы 18-і бұзылып, орнына 8 көппәтерлі үй бой салынған.  

«Сүлейменов көшесі, 43 үйдің тұрғынымын. Біздің үйлер 60 жылы салынған. Қауіпті апатты жағдайды. Құрметті әкім мырза сізден сұрайтыным: Біздің үйлер қашан сүріліп, жаңа үйлер салынады екен?» – деді Әуезов ауданының тұрғыны Индира Серікқызы.

«Сүлейменова көшесінде ескірген үйлердің саны – 49. Өткен жылы оның бесеуі сүрілген болатын. Оның орнына 16, 17 және 9 қабатты үйлер салыну жоспарланған. Бұл жұмыстар көрші үйлердің келіспеуіне сәйкес, қазір тоқтап тұр. Алдағы уақытта бірінші кезеңнің жұмыстары наурыз айында басталады», – деді Әуезов ауданының әкімі Сайран Сайфеденов.

Аудан 93 пайызға жарықтандырылған. Қазір жалпы ұзындығы 88 шақырым көшеде шам жоқ. Әкім айтуынша, жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр. Бұл жұмыстар жыл соңына дейін аяқталса, жарықтандыру 100 пайызға жетпек екен.  

«Алтынсариннен бастап, Алматыдағы Перинаталдық орталыққа дейін қойды. Одан кейін ол жоқ. Жұбановтан Сайнға дейін қап-қараңғы. Кешке жұмыстан қайтсақ да, балалар мектептен қайтсақ да, мүмкін емес жүру», – деді Әуезов ауданының тұрғыны  Фаридам Насырова.

«Біздің ауданда аулалар жарықтандырылған да, сквозной аулалар жарықтандырылмаған. Оның бәрі ескере отырып, экспертиза да қарастырылып жатыр. Энерготиімділік аясында осы жұмыстар биыл басталатын болады. 88 км жарықтандырдық биыл. Кейбір жерде 5 фонар, кейбір жерде 3 фонар керек болады», – деді Әуезов ауданының әкімі Сайран Сайфеденов.

3 сағатқа созылған есептік кездесуде тұрғындар тарапынан 400 ден астам сұрақ қойылып, 62 тұрғын тіклей эфирде аудан әкімінен жауап алды. Одан бөлек, онлайн кездесу кезінде сұрақ қойып үлгермегендер үшін әкімдікте арнайы жәшіктер қарастырылған. Ал, елді алаңдатқан мәселердің бәрі де аудан басшылығының  бақылауында болады деп уәде етті.

Ұлағат Арғын, Сағынтай Нұрғали, «Алматы» арнасы