Алматыда көмекке мұқтаж әрі көпбалалы отбасыларға сыйлықтар таратылды

29.12.2021 00:11

Тосынсыйды күтпеген балақайлар Аяз ата мен Ақшақарға арнап тақпақ айтып, мәз-мейрам болды

Almaty.tv

Бүгін Алматыда көмекке мұқтаж әрі көпбалалы отбасыларға сыйлықтар таратылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.      

Қайырымдылық шарасына жергілікті әл-ауқат басқармасының өкілдері мен демеушілер мұрындық болып, бүлдіршіндерге жаңажылдық көңіл күй сыйлады. Тосынсыйды күтпеген балақайлар Аяз ата мен Ақшақарға арнап тақпақ айтып, мәз-мейрам болды.

«Көмекке мұқтаж адамдарға қолымыздан келгенше жыл сайын көмектесеміз. Қайырымдылық ретінде сыйлықтар беріп, әрдайым көмектесіп тұрамыз. Қазақстанда тұратын әр адамның борышы – осындай отбасыларға көмектесу деп ойлаймын», – деді демеуші Бақытгүл Арғынбаева.

Ұйымдастырушылар үй-үйді де аралап, көпбалалы отбасыларға қуаныш сыйлады. Шараның мақсаты – көмекке зәру жанұяларға қол ұшын созып, қолдау білдіру.  

«Жаңа жыл қарсаңында балалар мен ата-аналарға зор денсаулық, ашық аспан, бақыт тілегім келеді. Оларды әрқашан қуантуға дайынбыз. Ал бізге демеушілік білдіріп, қолдау көрсеткен кәсіпкерлерге алғысымыз шексіз», – деді Әлеуметтік әл-ауқат басқармасының бөлім басшысы Рахилям Махпирова.