Nur Otan партиясының депутаттары «Нұрлы жер» бағдарламасының қаншалықты жоспарға сай жүргізіліп жатқанымен танысты
Алматыда биыл жаңартылуы тиіс жеделсатының 90 пайызы ауыстырылып, көппәтерлі тұрғын үйлерді жөндеу жұмыстарының 65 пайызы аяқталды. Бүгін Nur Otan партиясының депутаттары «Нұрлы жер» бағдарламасының қаншалықты жоспарға сай жүргізіліп жатқанымен танысты. Нендей мәселе сөз болып, қандай олқылықтар анықталғанын Almaty.tv тілшісі айтып берсін.
«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша биыл жоспарға сәйкес, 152 тұрғын үйде 334 жедел саты ауыстырылуы тиіс. Бүгінде оның 304-і жаңартылды. Депутаттар тарапынан бұған байланысты ешқандай мін айтылмады. Тек жұмыс қарқынын алдағы уақытта да бәсеңдетпей, 2025 жылға дейін шаһардың барлық шедел сатыларын ауыстыру жоспарын орындау тапсырылды.
«Депутаттар өздерінің талаптарын, қандай өзгерістер енгізу керектігін айтты. Енді оның бәрін біз жұмысқа алдық. Алдағы уақытта біз онымен жұмыс істейміз деп ойлаймын», – деді қалалық тұрғын үй саясаты басқармасының басшысы Данияр Қырықбаев.
Жалпы, 2011-2020 жылдар аралығында тұрғын үй қорын жаңғырту бағдарламасын іске асыру аясында 1 мың 339 үй қамтылып, 15 миллиардтан астам қаржы игерілген. Биыл 130 көппәтерлі тұрғын үйде күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Бүгінде сексенінде жұмыс жүріп жатыр. Тексеріс тобы қаладағы тұрғын үйлердің біріне барып, мердігер ұйым өкілдерімен тілдесті. Құрылыс материалдары сапасымен де танысты.
«Жеделсатыларға қатысты ешқандай кемшілік анықталған жоқ. Ал тұрғын үйлердің жөндеу жұмыстары бойынша бірқатар ескертулер айтылды. Барлық жұмыстарды жеделдету тапсырмасы берілді. Біздің тарапымыздан бұл мәселе ұдайы бақылауда», – деді Nur Otan партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мейіржан Отыншиев.
«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша үйді жөндеуден өткізу үшін тұрғындар ең алдымен бас қосып, «Тұрғын үй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне өтінім тастауы қажет. Кейін халыққа мердігер ұйым өкілін таңдау құқығы беріледі. Жауапты мамандар әуелі нысанды тексеріп, жүргізілуі тиіс жұмыстарды бекітеді.
Жанар Ғаниқызы, Ғани Қалуов «Алматы» телеарнасы