Алғашқы жартыжылдықтағы көрсеткіш бойынша 31 мың жаңа жұмыс орны құрылған
Алматыда алғашқы жартыжылдықтағы көрсеткіш бойынша 31 мың жаңа жұмыс орны құрылған. Бұл өз кезегінде қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізіп жатыр. Жалпы жыл соңына дейін 51 мың жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Толығырақ Almaty.tv тілшісі тарқатады.
Аида Момбек оқуын бітіре сала тұрақты жұмысқа орналасу үшін жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркелген. Ол көп ұзамай жастар іс-тәжірибесі бағдарламасы арқылы қаладағы ірі компаниялардың біріне контент-менеджер қызметіне шақырылады. Негізі 6 ай тәжірибеден өтуі керек болса, Аиданы 3 айдан кейін-ақ тұрақты жұмысқа алыпты.
«Көбіне жоғары оқу бітірген соң әрі қарай қайда барарымызды, не істерімізді білмейміз. Осындай кездерде мемлекет тарапынан жастарға әрі қарай дамуға жақсы қолдау жасалған. Тәжірибеден өтіп, өзімді көрсетуге, сол арқылы тұрақты жұмысқа орналасуыма мүмкіндік алдым», – деді жеке компанияның контент-менеджері Аида Момбек.
Жалпы халықты жұмыспен қамту үшін түрлі бағдарламалар қарастырылған. Бұрынғы бар бағдарламалармен қатар биыл «Алғашқы жұмыс орны» деп аталатын жаңа жоба іске қосылды. Жасы 29 жасқа дейінгі, бұрын-соңды еш жерде жұмыс істемеген азаматтар осы арқылы қызметке тұра алады.
«Тұрақты жұмыс орындары бойынша және уақытша жұмыс орындары бойынша бізге келген адамдарды жұмысқа тұрғызамыз. Биыл біз 9753 адамды тұрақты жұмыс орнына тұрғызуымыз керек. Яғни, жоспар бойынша. Қазіргі таңда оның 6 мыңға жуығы тұрақты жұмысқа тұрды және бізде уақытша жұмыс орындары бар. Ол жастар іс-тәжірибесі, әлеуметтік жұмыс орындары және қоғамдық», – деді қалалық халықты жұмыспен қамту орталығы жұмыс берушілерді қолдау бөлімінің маманы
Динара Бейсенова.
Халықты жұмыспен қамтуға шағын және орта кәсіпкерлік саласы бірден бір септесіп отыр. Былтыр 48 мыңға жуық жұмыс орнын құру жоспарланыпты. Бірақ меже асыра орындалып 81 мың адам еңбекпен қамтылған. Ал, биыл тағы 51 мың орын құру көзделіп отыр.
«1 маусымдағы жағдай бойынша 12 инвестициялық жобаларды енгізу арқасында 31 мың жаңа жұмыс орны құрылды. Алғашқы жарты жылдықта жұмыссыздық деңгейі 5,6 пайызды көрсетті. Бұл алдыңғы тоқсанмен салыстырғанда 1 пайызға төмендегені байқалады. Ал, қаладағы орташа айлық көлемі – 268000 теңге. Республикадағы қалалардан 16 пайызға жоғары», – деді қала әкімінің орынбасары Ілияс Өсеров.
Сондай-ақ, биыл шағын және орта бизнесті несиелендіру құралдары кеңейген. Бұл да қала тұрғындарының жұмыспен қамтылуына оң әсерін тигізеді. Былтыр пандемия кезінде 74 мыңнан астам кәсіпкерге салыққа байланысты жеңілдік көрсетілген.
Назкен Еркін, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» арнасы