Алматы әкімдігінде мемлекеттік қызметтің 90%-ы электронды форматта ұсынылады

10.06.2021 00:27

Осы жылдың 5 айында білім беру, абаттандыру, көлік және жол мәселелеріне, карантин шектеулеріне қатысты 71 мыңнан астам өтініш келіп түсті

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев «Алматы» телеарнасындағы кезекті тікелей эфир барысында азаматтармен кері байланысты қамтамасыз ету үшін мемлекеттік қызметтер мен сервистерді цифрландыру жөнінде айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бүгінде Алматы әкімдігінде мемлекеттік қызметтің 90%-ы электронды, 150 түрі де eGov.kz және мобильді құрылғылар арқылы қолжетімді. Бұдан өзге, «Еститін мемлекет» қағидатын қамтамасыз ету мақсатында Open Almaty қоғамдық қабылдау жұмыс істейді. Өткен жылы 400 мыңнан астам өтініш келіп түсті.

Осы жылдың 5 айында білім беру, абаттандыру, көлік және жол мәселелеріне, карантин шектеулеріне қатысты 71 мыңнан астам өтініш келіп түсті.

«Еститін мемлекет» қағидаты аясында тұрғындарды қаланы басқаруға тарту бойынша «Бюджетке қатысу» жобасы іске асуда. 2021 жылға 795 ұсыныс түсті, қоршаған ортаны жақсарту және аумақтарды абаттандыру жөніндегі жобаларды қаржыландыру бойынша 28 мыңнан астам дауыс жиналды.

Алматылықтармен көптеген мәселелер бойынша интерактивті диалог жүргізу үшін жалпы қалалық алаң ретінде IAzamat қосымшасы іске қосылды.

Пандемия кезінде барлық спорт нысандары, балалар үйірмелері және жаттықтырушылардың мәліметтері цифрландырылды. https://meteor.almaty.e-orda.kz/ru баланы олимпиада резерві мектептеріне, спорт мектептері мен интернаттарға тіркей аласыз. Порталда спорттың 78 түрі, 15-тен астам ұйым, 855 жаттықтырушы-оқытушы ұсынылған.