Шаһардағы мониторинг топтардың жұмысы күшейе түсті. Өткен түні Алматыда 28 мобильді топ қаладағы 132 бизнес нысандағы карантин талаптарының сақталуын тексерді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оған кейбір кәсіпкерлердің карантин ережелеріне немқұрайлы қарап, шектеулерге қарамастан түн уақытында жұмыс істеуі себеп болып отыр. Рейд нәтижесінде ережені бұзған 13 мекеме анықталып, басшыларына хаттама толтырылды. Олардың бірі – осы уақытқа дейін астыртын жұмыс істеп келген букмекерлік кеңсе. Ал бас санитардың қаулысы бойынша бұл мекеме әлдеқашан есігін тарс жабуы тиіс болатын.
Карантиндік шектеулерді ескермей, жұмысын астыртын жалғастырып келген мекеме басшысына әкімшілік хаттама жазылды. Енді букмекерлік кеңсе үнемі тәртіп сақшыларының қадағалауында болады.
Мониторинг топ бас сұққан келесі орында 150-200 шақты адамның көңіл көтеріп жатқаны анықталды. Өздеріңіз көріп тұрғандай дәмхананың іші келушілерге лық толы.
Сағат түнгі 00.00-ге таяса да, ойын-сауық орнында келушілерден аяқ алып жүру мүмкін болмады. Қызметкерлер есігінен кірген мобильді топты көргенде қонақтар дәмханадан кетуге асыққан жоқ. Басым бөлігі алаңсыз көңіл көтеруді жалғастыра берді.
Арақашықтық сақтау талабы мен бетперде режимін мекеме басшылығы да, сауықшы жастар да қаперіне алмаған. Ал антисептик және тепловизор құралдары мүлдем ұмыт қалған. Шектеу шараларының бұзылуына жол берген клуб иесіне қатысты әкімшілік шара қабылданды.
«Жұма-сенбі күндері Алматы қаласында бекітілген тағы да 12 топ қосылды. Сонымен ауданда 16 топ жұмыс істеп жатыр. Бүгінгі таңда мынау біздің қазір анықтаған нысан «Танцы, бар» деп аталады. Нысан әкімшілігінен қазір түсініктесін алып, ары қарай шара қолдануға құжаттарды жібереміз», – деді Медеу ауданы кәсіпкерлікті және өнеркәсіпті дамыту бөлімінің басшысы Қайрат Нұрқасымов.
Мобильді топ өкілдері Түрксіб ауданындағы осыған дейін бірнеше рет карантин талаптарын бұзған мекемелердің жұмысымен де танысып қайтты. Нысан қызметкерлермен әңгіме жүргізіп, пандемия кезінде сақталуы тиіс санитарлық нормаларды түсіндірді.
Дәл осындай түсіндірме жұмыстары Алмалы, Әуезов және Бостандық ауданындарындағы 28 кәсіпкеркерлік нысанда да болды. Аудандық әкімдік, жергілікті полиция қызметкерлері, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы өкілдері, санитария мамандары енген мониторингтік топтар карантин шараларының маңыздылығын насихаттады.
«Қазір заңбұзушылықтардың саны азайып жатыр. Көптеген мекемелер бекітілген карантин талаптарын сақтауға тырысады. Олармен қосымша түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз. Кешкі рейдтер ғана емес, күндізгі рейд жұмыстары да жүргізіліп жатыр . Бейне конференцияларды Zoom жүйесі арқылы ұйымдастырып келеміз. Оларға әлеуметтік жауапкершіліктің маңыздылығы мен карантиндік нормалардың бұзылуына жол бермеуі тиіс екенін түсіндіреміз», – деді Әуезов ауданы кәсіпкерлікті және өнеркәсіпті дамыту бөлімінің бас маманы Айбек Әлишарипов.
Мамандардың айтуынша, тұтынушы қажетсінбесе бизнес нысандар да ережеге құлақ асып, шектелген уақыттан кеш жұмыс істемейтін еді. Өз кезегінде мониторингтік топ өкілдері тұрғындардан және кәсіпкерлерден карантин талаптарын сақтауды сұрайды.
«Халық карантин талаптарын сақтаудың маңыздылығын дұрыс түсінбей жатыр. Мұндай адамдар өз жақындарына қандай қауіп төндіретінін ойламайды. Келушілер көп жиналған келесі бір дәмханадан шыққан соң олар үйлеріндегі жақындарымен, үлкен жастағы адамдармен кездеседі. Әрине, мүмкіндігінше түсіндіріп келеміз. Жұмыстар жалғасуда», – деді Медеу ауданы кәсіпкерлікті және өнеркәсіпті дамыту бөлімінің басшысы Қайрат Нұрқасымов.
Алайда кәсіпкерлер уақыттық шектеулерге қарамастан ережені елемей астыртын жұмысын тоқтатар емес. Бұл тұрғыда қала тұрғындары Бас санитардың қаулысындағы шектеулер мен мобильді топтардың күшейтілген жұмысын құптап отыр.
БЛИЦ:
– Ол кісілердің еңбектерін мен өте бағалаймын негізі. Өйткені олар күн демейді, түн демейді, бала-шағасы, жанұясы деп ойламайды. Олардың істеп жатқан жұмыстарын құптаймын.
– Көпшіліктің арасында, клубта, кафеде отырғанда білмейсің ғой кім ауырып отыр, кім ауырмай отыр. Сол үшін дұрыс қарап отыру керек, тексеру керек.
– Негізінде ең бірінші қазір денсаулық мәселесін ойлау керек, менің ойымша. Бірінші жұмыс уақытын, режимін азайту керек қой.
Синоптиктер Алматыда ауа температурасының төмендеуін болжап отыр. Онымен қоса, Қазақстанның бірнеше өңірлерінде дауылды ескерту жарияланды. Алдағы күндері қалыңтұман түсіп, көктайғақ болуы мүмкін. Бұл туралы «Қазгидромет» Алматы қалалық филиалы метеорологиялық болжау бөлімінің мамандары айтты. Ал, ауа температурасының күрт төмендеуіне байланысты санэпидемиологтар алматылықтардан адамдар көп шоғырланатын орындарға қажетсіз барудан бас тартуды сұрайды. Себебі ауа райының салқындауы коронавирустық инфекцияны жұқтыру қаупін арттырады дейді.
«Солтүстік батыс аудандардан Қазақстан Республикасының территориясына келіп жеткен өте суық ауа массасына байланысты облыс көлемінде ауа райы айтарлықтай өзгерді. Көп өңірлерде штормдық ескерту жарияланды. Алдағы күндерде де ауа-райының тұрақсыз болады. Ашық ауа-райы өте жиі жауын-шашынды күндерге ұласуы күтіледі. Бұл суық ауа массасының Республиканың оңтүстік шығысындағы таулы аудандарға жетіп, фронттарды күшейтуінен болып саналады», – деді «Қазгидромет» РМК қалалық филиалы метеорологиялық болжау бөлімінің инженер-синоптигі Гүлтаңсық Медеуова.
Сондай-ақ, дәрігерлер өткен жылмен салыстырғанда биылғы күздің соңында жедел респираторлық вирустық инфекциялар санының 2,2 есеге өсуін байқаған. Бүгінге дейін Алматыда коронавирустық инфекцияның 15 мыңнан аса жағдайы тіркелген. Оның 9 145-і симптомды, 6021-і симптомсыз екені анықталды. Қаладағы коронавирустық ахуалға байланысты дәрігерлер азаматтардан барынша сақтанып жүргені дұрыс дейді. Әсіресе, 65 жастан асқан адамдардың халық көп шоғырланған жерлерден аулақ болғаны дұрыс. Тіпті, үйден шықпағаны абзал. Ал қоғамдық орындарда бетперде тағып, арақашықтықты сақтау керек. Антисептик құралын да ұмыт қалдырмаған жөн.
«Біріншіден, ешқашан білмейсің қай жақтан не келуі мүмкін. Екіншіден, айтқанды жасауға тырысу керек. Қаншалықты ол сенің көзқарасыңа да қарама-қайшы келсе де, қаншалықты сен сенбесең де. Бірақ сақтану үшін айтқандарды жасау керек. Денсаулықтан артық ешнәрсе жоқ. Ақша да келеді. Той-томалақ та жасалады, барлығы келеді. Бірақ ең маңыздысы – денсаулық», – деді анестезиолог-реаниматолог Мұрат Дәрібаев.
Қадағалаушы топтар карантин уақытында жұмыс істеуіне тыйым салынған көңіл көтеру орнына бару арқылы өзіңіздің ғана емес, төңіректегі адамдардың да өміріне қауіп төндіретініңізді ескертеді. Полицейлер карантин шараларын бұзғаны үшін жауапкершіліктің бар екендігін ескертіп, санитарлық нормаларды сақтауға шақырады. Әкімшілік кодекстің 425-бабына сәйкес карантин ережелерін елемеген жеке кәсіпкерлер 230, орта бизнес иелері 310 АЕК, ал ірі кәсіпкерлер 4 жарым млн теңге көлемінде айыппұл төлейді. Ал ереже бұзған жеке тұлғалардың қалтасы 83 мың теңгеге қағылады.