Қашықтан оқу: Алматыда 75 мың оқушы мен 2 мың мұғалім тегін гаджетпен қамтылмақ

m.azh.kz
m.azh.kz
Сабақтың басталуына небәрі 2 апта ғана уақыт қалды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қаладағы 75 мың оқушы мен 2 мың мұғалім онлайн форматта оқу үшін тегін гаджетпен қамтылмақ. Бұл туралы білім басқармасы басшысы Ләззат Жылқыбаева мәлімдеді. Ал, қала аумағынан алыс аймақтағы тұрғындар үшін интернетке қолжетімді болуына мониторинг жүргізілді. Жаңа оқу жылынан бастап мектептерде кезекші сыныптар ашыла ма? Қай сыныптар қашықтан білім алады? Almaty.tv тілшісі  Ұлағат Арғын толығырақ айтып береді.  

Сабақтың басталуына небәрі 2 апта ғана уақыт қалды. Ал, мектептерде бастауыш кластары үшін кезекші сыныптардың ашылуы әлі де белгісіз. Белгілісі қандай жағдай болмасын оқушылардың денсаулығы бірінші орында. Жағдай эпид-ахуалдың тұрақталуына байланысты өзгермек. Қалалық білім басқармасы басшысы дәл қазір бас санитар дәрігердің жаңа қаулысының шығуын күтіп отырғанын айтты.

«Алматы қаласында эпидимиологиялық жағдайға байланысты кезекші сыныптардың ашылуы туралы хабар 20 тамыздан кейін белгілі болады. Кезекші сыныптар ашылған жағдайда тек бастауыш сыныптарға ашылады. Ондағы бала саны 15-тен аспауы тиіс. Қалған  5-11 сыныптар онлайн форматта оқитын болады. Қазір біздің білім ғимараттары балаларды онлайн оқытуға да қашықтан оқытуға да дайын», – деді қалалық білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева.

Мектептерде кезекші сыныптар ашылған жағдайда білім беру ғимараттары балаларды оқытуға сақадай сай. Қол тазалайтын санитайзер ғимараттың әр жеріне  орналасқан. Мектепке келіп оқуға рұқсат берілсе, оқушылар енді білім алып қана қоймай, санитарлық тәртіпті сақтауы тиіс. Балалардың байланысын мейлінше азайту үшін қоңырау әр топқа әр түрлі соғылатын болады.

Одан бөлек, мектепке кіре берісте мынандай дезинфекциялық туннель мен кілемшелер орналасқан. Әр сыныптағы бала саны 15-тен аспауы тиіс. Оқушылар бұрынғыдай екі-екіден емес бір-бірден отырады. Ал парталардың арасындағы дистанция бір жарым екі метр сақталуы тиіс.

Қазіргі уақытта оқушыларға кітаптар үйлестірілуде. Оның өзі кезек-кезекпен беріліп жатыр. Биыл алматылық кішкентай тұрғын Асылжан Тұрсын да бірінші сыныпқа барады. Бүгін кітаптарын алуға келді.

«Әрине, бала-шағамының денсаулығына алаңдаймыз. Бірақ мектепке кірсек, санитарлық құрылғылардың бәрі дайын. Қамтамассыз етілген. Көзіміз жетіп отыр. Жалпы, онлайн оқуға да дайынбыз. Алдын-ала планшеттерімізді алып қойдық. Бала жан-жақты қамтамассыз етілген», – деді ата-ана Гүлдана Нұрымбетова.

Оқушыларды онлайн форматта оқыту үшін бірінші кезекте аз қамтылған және көпбалалы отбасылар гаджеттермен қамтылады. Қала бойынша мұндай отбасылардың саны 22 мыңнан асады. Ал, 75 мың бала мен 2 мың мұғалімнің үйінде компьютерлік техиканың жоқ екені белгілі болды. Қалалық білім басқармасы олардың бәрі де кем дегенде қыркүйектің 15-іне дейін толығымен 100 пайыз компьютерлік техникамен қамтылатынын айтты.  

«Бүгінде балаларды компьютерлік техникамен қамтамассыз ету үшін қаладағы қайырымдылық қорлар да бізге көмектесіп жатыр. Одан бөлек, айта кететін жайт, қаладағы аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға компьютерлік техникалар сыйға беріледі. Ал, қалған отбасылар онлайн оқу форматы біткеннен кейін кейін бізге қайтарып берулері керек болады. Осылайша біз қазіргі мәселені жүйелі шешуді жоспарлап отырмыз», – деді қалалық Білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева.

Білім және Ғылым министрлігінің шешіміне сәйкес, биыл оқушыларға мектеп формасы талап етілмейді. Десе де бұл білім ордасына балалардың ойына келген киімді киіп келіп, еркінсіп кетуі деген сөз емес. Бұл ата-аналарға қосымша гаждеттер сатып алғандықтан, қалтаға ауырлық салмауы үшін шығарылған шешім екенін айтты Білім басқармасының басшысы. Бүгін жаңа оқу жылындағы түйіткілді мәселелер қоғамдық кеңестің қарауында талқыланды. Қоғам белсенділері өз ұсыныстарын айтып, мәселені оңтайлы шешу үшін көмектесетінін жеткізді.

Ұлағат Арғын, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» арнасы

Новости партнеров