Мамандар алдағы уақытта мына аумақтың бәрі жөнделіп, адам танымастай өзгереді дейді
«Сұңқар» Халықаралық шаңғы трамлин кешенінің аумағында дендросаябақ пайда болады. Онда абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, топырақ көшкіні болуы мүмкін тау бөктері бекітіледі. Қалалық Жасыл экономика басқармасы жоспарға сәйкес арнайы комиссия құрып аталған аймақты мықтап тексерістен өткізген, деп хабарлайды Almaty.tv.
Мамандар алдағы уақытта мына аумақтың бәрі жөнделіп, адам танымастай өзгереді дейді. Әсіресе, мына жоталардың іргесі бекітіліп оның барынша қауіпсіз болуына бар күш салынады. Сонымен қатар, мұнда екі шағын футбол алаңы орналасады.
Қалалық Жасыл экономика басқармасы басшысы Наталья Ливинскаяның сөзінше «Сұңқар» шаңғы трамплин кешенінің аумағына арнайы құрылған комиссия бақылау жасап, нәтижесінде дендросаябақ жасау туралы шешімге келген. Инженерлер, төтеншеліктер мен геодезист, ботаник, сәулетші мамандары кешеннің жағдайын саралап, онда қоғамдық демалыс орнын құру мүмкіндігін қарастыру үшін жіті тексеріс жүргізген.
«Нәтижесінде ол жерді расымен абаттандыру керектігіне көзіміз жетті. Бірақ бұл жұмыстар өте мұқият жасалады, яғни жерге қатты күш түсірмеу үшін онда күрделі құрылыс жасалмайды. Үлкен ғимараттар салынбайды. Сондай-ақ, тау бөктері мен жер қабаттары, жерасты суы жіті зерттелетін болады. Жарды бекіту үшін ағаштар мен түрлі өсімдіктер отырғызылады», – деді қалалық Жасыл экономика басқармасының басшысы Наталья Ливинская.
Бұған дейін қатты нөсер жауып, салдарынан кешен аумағындағы тау аңғарларының шөгуі байқалған. Сондықтан 2016 жылы бұл жер «көшкін жүру қаупі бар» аймақ тізіміне алынған. Алайда мамандар қазір айтарлықтай қауіп жоқ дейді.
«Осы уақытқа дейін құлап, опырылатын топырақтың бәрі түсіп болды. Қатты көшкін болған жоқ. Мұнда бұқаралық спортты дамытуға көп көңіл бөлінеді. Тереңқұрдағы сияқты серуендеу жолдары жасалады. Балалар мен жасөспірімдер спортына қажетті алаңдар қарастырылады. Қазір бүлініп жатқан роллерге арналған сырғанақ тас жолдар жүргіншілер үшін қайта жасалады», – деді қалалық Спорттық құрылымдар дирекциясының бас директоры Наиль Нуров.
Қазір жобаның бас жоспарын құру үшін конкурс жарияланған. Жобада тау бөктеріне жергілікті ағаштарды көптеп отырғызу, яғни арборетум жасау қарастырылған. Осылайша ағаш тамырлары арқылы жар барынша берік болмақ.
«2017 жылдан бастап қазіргі уақытқа шейін көшкін жүру фактілері тіркелмеген. Жұмыс сапары барысында «Esentai City» тұрғын үй кешені аймағындағы «Сұңқар» тау бөктерінен 250 метр қашықтықта орналасқаны анықталды. Бүгінгі күні қауіп жоқ», – деді қалалық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Руслан Қасыбаев.
Арборетумнан бөлек, мұнда спорттық құрылғылар мен қала көрінісін трамплиннің ең биік нүктесінен бақылауға болатын орын жасалмақ.
Назкен Еркін, Ғани Қалуов, «Алматы» арнасы