Тұрғындардан газ крандарын жауып тастауды және апатты жойып, газ берілмегенше ашпауды сұраймыз
Алматыда газ құбырында апат болды. Салдары ауыр болмауы үшін "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ алматылық өндіріс филиалының мамандары қаладағы 800 үй мен 14 кәсіпорынды көк отынсыз қалдырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Апат шамамен Әл-Фараби және Желтоқсан көшелерінің қиылысында болды. Сондықтан Әл-Фараби-Назарбаев-Сейфуллин-Темірязев-Попов-Шашкин көшелерінің ауданында орналасқан үйлер мен нысандарда газ тоқтатылды. Бұл ауданда 258 жеке үй, 549 көппәтерлі ғимарат, 14 коммуналдық-шаруашылық және өнеркәсіп мекемелері, оның ішінде қазандық бары хабарланды.
«Тұрғындардан газ крандарын жауып тастауды және апатты жойып, газ берілмегенше ашпауды сұраймыз. Қала тұрғындарынан қолайсыз жағдайға түсіністікпен қарауды сұраймыз. Себебі жұмыстар Алматы газ желілерінің қауіпсіз пайдалануы үшін жасалып жатыр», – деп мәлімдеді "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ қызметкерлері.