Аталған нысан «Almaty Business 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында өткен жылдың қараша айында іске қосылған
Алматы қаласында алғашқы өнеркәсіптік парктің тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
4 қыркүйекте «Almaty Finance» компаниясы («Алматы» ӘКК еншілес кәсіпорны) журналистерге Наурызбай ауданындағы «Ala Estate» ЖШС компаниясының алғашқы өнеркәсіптік паркін таныстырды.
Аталған нысан «Almaty Business 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында өткен жылдың қараша айында іске қосылған.
Almaty Finance компаниясы Жобаларды сүйемелдеу департаменті директоры Нұржан Садықов журналистерге ұсынылған нысандағы қолдау схемасы жөнінде баяндап берді:
«Жобаның басты мақсаты қолданыстағы өндірістік ғимарат алаңдарын қайта жөндеуден өткізіп, жетілдіру. Сонымен қатар, осы өнеркәсіптік парк аумағында бірыңғай кластер құру міндеті қойылды. Былайша айтсақ, осыған ұқсас бағыттағы жобаларды орналастыру. Ғимарат алаңы белгіленген төмен бағамен жалға беріледі. Яғни, 1 шаршы метрінің бағасы 1000-1200 тг тең, ал жалға беру мерзімі 5-7 жыл. Бірінші жоба Furtina компаниясы жүзеге асыратын жихаз өндірісіне қатысты. Мұнда екі есе жетістікке қол жеткізілді.
Яғни, біз өнеркәсіптік парк құрылысына қолдау көрсеттік. Ал оның аумаңында біздің қолдауымызға сәйкес, жихаз жасау жобасы жүзеге асырылуда. Егер өнеркәсіптік паркті жылдық 6% мөлшерлемемен қаржыландырсақ, ал жихаз жасау жобасына жылдық 2% мөлшерлемемен қаражат бөлдік. Біз 7 жылға дейінгі мерзімге инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін, ал 3 жылға комиссиясыз капитал айналымына қолдау көрсету мақсатында жылдық 2 және 6% мөлшерлемемен несие береміз. Несиелендіру бағдарламаларының ерекшелігі — біз клиентпен тікелей байланысып, толықтай қызмет түрлерін ұсынамыз».
Almaty Finance компаниясы өкілінің айтуынша, кәсіпкерлер үшін тағы да бірқатар артықшылықтар бар. Атап айтсақ, жобаны қарастыру барысында ешқандай комиссия алынбайды. Бүған қоса, серіктестерге «Алматы финанс» компаниясы, Qolday кәсіпкерлік орталығы, «Алматы» шағын қаржы үйымы орналасқан «Инвестициялар үйінде» қызмет түрлері көрсетіледі. Сондай-ақ, қаражатты бекіту мерзімі 30 күннен 5-10 күнге дейін қысқартылды.
Алдағы уақытта Алматы қаласында осы ндай тағы алты өнеркәсіптік парктерді құру жоспарлануда. Бұған қоса, инвестор креативті индустрия, әлеуметтік нысандарды салу, өңдеу өнеркәсібі жобаларын дамыту, тұрақсыз сауда нысандары желісін дамыту саласындағы жобаларға қолдау көрсетпек. Almaty Finance компаниясы өкілдерінің айтуына сүйенсек, бұлардың қатарына өнеркәсіптік парктер, қызмет көрсету орталықтары, «қолжетімді жерде» орналасқан жаңа форматтағы дүкендер жатады.
Қазіргі сәтте, бағдарлама аясында 6,6 млрд тг сомасына 29 жоба мақұлданды. Олардың ішінде, 17 жоба 5,4 млрд тг көлемінде қаржыландырылып, 214 жұмыс орны ашылды. Сондай-ақ, 1,7 млрд тг тең жобалар қазір қарастырылу үстінде.
Орталық пен периферия арасындағы іскерлік климаттағы тегерімсіздікті жою үшін, қаланың жаңа аудандарына, оның шет аймақтарына басты назар аударылады.
«Ala Estate» ЖШС басшысы Қанат Бидараловтың айтуынша, өнеркәсіптік парк аумағында қазіргі сәтте корпустық жихаз бен медициналық және арнайы жихаз өндіретін компаниялар орналасқан. Қыркүйек айының соңына дейін мұнда кеңсе тауарлары, экологиялық қаптамалар мен бетперделер өндіретін кәсіпорындар іске қосылмақ.