Наурызбай ауданында су сүзгілеу стансасын салу жоспарланып отыр

02.08.2022 00:59

Қазір адам басына 500 литрден су жеткізіліп отыр

Almaty.tv

Наурызбай ауданының жұрты аптап ыстықта ішерге су таппай отыр. Олар тіршілік нәрінің 2 апта бойы тоқтағанына наразы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Медеу» саяжай бірлестігінің тұрғындары үшін қазіргідей шілденің шіліңгір ыстығында ауыз су алтыннан да қымбат. Себебі, 2 апта бойы судан тарыққан жұрт оны дүкеннен ақшаға сатып алып отыр. Ішерге су таппай қиналған көпшілік кейде тау суын пайдалануға мәжбүр. Оның сапасы тіпті нашар дейді тұрғындар.

«Қазір біз тау суын пайдаланып отырмыз. Оны тек бау-бақшаға ғана пайдаланамыз. Ішуге, жуынуға мүлде жарамайды. Тау бөктерінде тұрамыз, жанымызда сарқырап су ағып жатса да, ауыз суға жарымай отырмыз», – деді қала тұрғыны Гүлжазира Нығыметқызы. .

Тұрғындар топырақ пен лай араласқан суды пайдалану балалар үшін аса қауіпті екенін айтады.

«Таудан аққан су өте лас. Кесірінен баларымыз түрлі инфекция жұқтырып жатыр. Өткен апта менің баламның қызуы көтеріліп ауырып шықты. Ауыз су мәселесін жергілікті әкімдіктен шешіп беруін сұраймыз», – деді қала тұрғыны Татьяна Халикова.

Аудан әкімдігі бұл мәселеден хабардар. Олар шағынауданның 2 апта сусыз қалғанын таудан аққан судың лас болуымен түсіндірді. Ауа-райы күрт жылып, қар суы ерігендіктен, тұрғындарға берілетін тіршілік нәрі санитарлық талаптарға сай болмай шыққан.

«Наурызбай ауданында арнайы су жеткізу ұйымдастырлған. Су жеткізу көлігіміз бар.адам басына  500 литрден ғана болады. Тұрғындар келіп, бассейн толтырады, бау-бақшасын суарады. 5 куб сұрайды. Олай берсек бәрін сумен қамти алмай қаламыз», – деді  Наурызбай ауданы әкімдігі аппараты коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Фархат Жаңбыров.

Сондай-ақ жауапты сала мамандары алдағы жылы ауданда жаңа су сүзгілеу стансасының құрылысы басталатынын айтты. Аумағы 21 гектар болатын ауқымды жоба «Іле Алатау» ұлттық паркінде орналаспақ. Тәулігіне 22 мың куб суды тазартуға қауқарлы станса пайдалануға берілсе, Ақжар, Тау жолы, Тастыбұлақ, Шұғыла шағынауданымен қоса, Алматы облысы аумағындағы тұрғындар да ауыз суға тарықпайтын болады.  

Ұлағат Арғын, Ялкунджан Әшімжанов «Алматы» телеарнасы